Тоқаев AMANAT партиясының бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановқа алғыс айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановқа аталған лауазымдағы «абыройлы, нәтижелі әрі елге пайдалы еңбегі үшін» алғыс айтты.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Сонымен қатар ол (Қасым-Жомарт Тоқаев – ред.) партия мүшелерінің жуырда өткен съезде жаңадан құрылған "Әділет" партиясына қосылу жөнінде қабылдаған тарихи шешімдеріне ризашылығын білдірді», – деп атап өтті Айбек Смадияров.
Бұған қоса Президент «Қазақстанды жаңғырту, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпке негізделген Әділетті Қазақстанды құру ісіне» AMANAT партиясының елеулі үлес қосқанын атап өткен.
«Мемлекет басшысы отаншыл партия мүшелерінің "Әділет" партиясының қатарында да ел игілігі жолындағы белсенді әрі жемісті қызметін абыроймен жалғастыра беретініне сенім білдірді», – деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.
Еске салсақ, Астанада өткен AMANAT-тың кезекті XXVI съезінде партияның жаңа құрылған «Әділет» партиясына қосылатыны мәлім болды. Парламент Мәжілісінің және партияның төрағасы Ерлан Қошанов жаңа партиямен бірігу мемлекет мүддесіне сай екенін айтты.
Ал 14 маусымда өткен «Әділет» партиясының II съезінде AMANAT партиясы «Әділет» партиясының құрамына ресми түрде қабылданды. Дауыс беру қорытындысы бойынша съезге қатысқан 613 делегаттың барлығы екі партияның бірігуін қолдады. «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай екі саяси күштің бірігуін «партиялық мүддеден жоғары тұратын, ұлттық жауапкершілікке негізделген шешім» деп бағалады.