2 мая 2025 г. 2:15

Ток соққан 9 жастағы бала ауыр жағдайда ауруханаға түсті

Фото: ғаламтордан
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, подстанция төбесінде жүрген 2015 жылы туған баланы ток соққан.

Алматы, NEGE. – Бала дереу ауруханаға жеткізілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, – делінген полицияның ресми хабарламасында.

Куәгерлердің айтуынша, бала подстанция төбесінде қалып қойған допты алып, жерге тастаған. Төмен түсе бергенде, тоққа түсіп қалған.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, бала төртінші дәрежелі күйік алған, қазіргі таңда ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Жағдайы ауыр, аппаратпен тыныс алуда. Денесінің 95 пайызы күйіп қалған.

Мамандар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады. Электр нысандарына жақындау өмірге өте қауіпті екені тағы бір мәрте дәлелденіп отыр.