Тоғжанов ел қатарлы емделді, ал Мұхамбетов ше?
Маусым айының 18-і күні вице-премьер Ералы Тоғжанов Facebook желісіндегі парақшасында былай деп жазды: «Жағдай осылай болды, оқшаулануға тура келіп тұр. Инфекциядан қанша сақтанып жүрсем де, болмады. Коронавирус инфекциясының симптомсыз түрі анықталды. Тезірек жазылып, жұмысқа кірісу үшін дәрігерлердің айтқанын тыңдаймын».
Төрт күннен кейін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Instagram парақшасында бүй деді: «Құрметті қостанайлықтар! Қанша сақтанып жүргеніммен, COVID-19-ға тапсырған тестім дерт жұқтырғанымды көрсетті. Сол себепті оқшауланып, жұмысты қашықтан істейтін боламын. Облыс халқын қауіпсіздікті сақтауға шақырамын. Сақтанып жүріңіздер!».
Жұрт жаппай ауырып жатқанда шенеуніктердің дерт жұқтырмасына кепілдік жоқ еді. Бұлардан бөлек, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, тағы бірқатар лауазымды тұлғалардың «аунап тұрғанын» естідік.
Біртановтан басқасы құлан-таза жазылғанын мәлімдеп, жұмысына кірісті. Осы тұста Nege.kz порталы «аунап тұрған» шенділердің барлығына ресми сауал жіберіп, қал сұраған. Бәрінен бұрын Алматы облысының әкімі А.Баталовтан жауап келді.
Тақырыпқа орай: Амандық Баталов: Сырқаттың ауыр салдарын жеңу оңай болған жоқ
«Менің денсаулық жағдайыма байланысты сауал жолдап, алаңдаушылық білдіргеніңізге алғыс білдіремін.
Сырқаттың ауыр салдарын жеңу оңай болған жоқ. Біліктілікпен ем жасаған дәрігерлерге де, тілектестігін білдіріп, күш-қуат берген көпшілікке де рахмет айтамын. Соның арқасында ауруға берілмей, бар ерік-жігеріммен қарсы тұрдым. Қазір айығып шықтым. Емнен кейінгі өзін-өзі оқшаулау алгоритміне қарамастан, індетпен күрес жағдайындағы қауырт жұмысқа байланысты өз лауазымдық міндеттерімді атқаруға бірден кірісіп кеттім.
Сіздерге, барша халыққа денсаулық тілеймін. Ауырмаңыздар, аман болыңыздар.
Санитарлық талаптарды сақтап, шектеу шараларын орындап, өз өміріміз бен жақындарымыздың өміріне жауапкершілікпен қарайық», – деді А.Баталов.
Одан кейінгі екі жауап «Қазпоштаның» есек арбасымен бір ай дегенде «Марстан» итшілеп әзер жетті. Премьер-министр Асқар Мамин мен вице-премьер Ералы Тоғжановтың атынан ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметінің басшысы З.Нұрланова жауап берді.
Тақырыпқа орай: «Марстан» жеткен жауап: Маминнің денсаулығы қалай?
Маминнің коронавирус жұқтырғанын баспасөз хатшысы жоққа шығарды. Ал Тоғжанов тәуір болыпты. Вице-премьерге қатысты сұрақтарымызға жауап төмендегідей болды:
«Айыққаннан кейінгі денсаулығым жақсы. Емделу барысы қашықтықтан қадағалау түрінде жүргізілді. Сол кезеңде бекітілген клиникалық хаттамаға сәйкес ем қабылдадым».
Қостанай облысы әкімдігінен келген жауап тағы бірқатар қосымша сауал тудырды. Облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаев жауабында былай дейді:
«Бүгінгі күні Қостанай облысы әкімінің жағдайы жақсы, жұмыс орнында. Облыс әкімінің емі туралы сұрақтарға қатысты «халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі кодексінің 273-бабына сәйкес «Дербес медициналық деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адамның денсаулық жағдайы, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат және оны тексеру және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер медицина қызметінің құпиясын құрайтынын» хабарлаймын. Сондықтан бұл ақпаратты беру мүмкін емес».
Вице-премьер Е.Тоғжанов сол кездегі клиникалық хаттамамен ел қатарлы емделгенін жасырмай-ақ айтып отыр. Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың да қалай емделгені көз алдымызда. Талдықорғаннан тартып, Нұр-Сұлтаннан бір-ақ қайтты. Ал Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қалай жазылып шыққанын НЕГЕ құпиялайды?
Мұхамбетовтің айығып шыққанына орынбасары М.Жүндібаевпен бірге біз де қуанып отырмыз. Бірақ көкейде сұрақ қалды: Құпиялап ұстайтындай Қостанай облысының әкімі дертке шалдыққанда Қазақстанда бекітілген клиникалық хаттамаға сенбей, жасырын шетел асып кетті ме? Әлде бақсы-балгер, емші-құшынашқа жүгінді ме?..