«Тоғызы жабылып ұрды»: Астанада жанкүйер полицейлерді күш қолданды деп айыптады
Астана тұрғыны 12 шілдеде өткен «Астана» – «Ақтөбе» матчынан кейін інісі екеуін Жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерлері соққыға жыққанын мәлімдеді.
Астана, NEGE. Threads желісінде астаналық жігіттің полиция қызметкерлерін айыптаған жазбасы жарияланды. Оның айтуынша, оқиға қарындасының көз алдында болған.
«Бізді күшпен қызметтік «Газель» көлігіне кіргізді де, тоғыз адам жабылып ұрып-соқты. Қолмен де ұрды, әскери етікпен аяғымен де басымыздан аяусыз, тоқтаусыз тепкіледі. Кейін жарты сағат бойы көліктің ішінде ұстап, бет-жүзі көрінген видеоны күшпен өшіртіп тастады», – деп жазды ол.
Осы жайттан кейін жігіттер бірден ауруханаға барған. Дәрігерлер денедегі соққы іздерін тіркеп, жабық бас-ми жарақаты мен ми шайқалуы диагнозын қойған.
Сондай-ақ, оның мәлімдеуінше, Астана қалалық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкері қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, тек қызметтік тексеріс жүргізілетінін хабарлаған.
Полиция бұл оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Қалалық полиция қызметінің мәліметінше, матч кезінде бір топ жанкүйер өзін агрессивті ұстап, былапыт сөздер айтып, қарсылас команда жанкүйерлерінің ашуына тиіп, әдепсіз ишаралар көрсеткен. Сондай-ақ полицияның айтуынша, олардың бірі қарсылас команданың туын аяғына байлап алған.
Тәртіп сақшылары олардың теріс әрекетін тоқтатпақ болған.
«Оқиғаға қатысушылар оқшауланып, қызметтік автобусқа жеткізілді. Кейін олар босатылды», – деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.
Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды. Тексеру аяқталғаннан кейін оқиғаға қатысқан тараптардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.