Тоғыз ойыншымен қалған «Омонияны» «Қайрат» пенальти сериясында жеңді
Алматылық «Қайрат» Кипрдің «Омония» клубын пенальти сериясында жеңіп, Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті. Қақпашы Темірлан Анарбеков қарсыластың екі соққысын қайтарды.
Астана, NEGE. Қарымта кездесу Алматыда өтті. Матчтың 37-минутында Эдмилсон алаң иелерін алға шығарды. Бұл кезде «Омония» алаңында он ойыншы ғана қалған еді. Кипрлік команданың шабуылшысы Андроникос Какуллис 26-минутта қызыл қағаз алды.
Ойынның соңында қонақтар тағы бір ойыншысынан айырылды. Сену Кулибали алаңнан қуылып, «Омония» матчты тоғыз ойыншымен аяқтады. Алайда екі ойыншыға артық ойнаған «Қайрат» қарсыласының берік қорғанысын сол беті бұза алмады.
Никосияда өткен алғашқы кездесуде алматылық клуб 0:1 есебімен жеңілген еді. Екі матчтың қорытындысы бойынша жалпы есеп 1:1 болып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.
Темірлан Анарбеков қарсыластың екі соққысын қайтарды. Нәтижесінде «Қайрат» пенальти сериясында 6:5 есебімен жеңіске жетті.
Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде алматылықтар «Левски» мен Крайованың «Университатя» клубы арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі.