Тірліктен түңілгендерді өмірге бейімдейді
Адам баласы адасамын деп адаспайды. Әртүрлі жағдайлар, тосын оқиғалар кейде екі аяқты пендені тура жолдан тайдырады. Басына түскен қайғы мен іштегі шерді көтере алмай құса болатындар бар. Ет жақындары керек қылмай, қартайғанда жалғыз қалғандар да кездеседі. Міне, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған осындай жандарға Алматы облысынан арнайы мекеме ашылды.
Алматы, NEGE. Жаңа мекеме – «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» КММ деп аталады. «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына» қарайды. Орталық Алматы облысы әкімінің 2023 жылғы № 7 Қаулысы негізінде құрылған. Орналасқан жері Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентінде (Батталханов 30).
Орталық оқшаулау, спорттық алаң және қызмет алушылардың жатын бөлмелері, дәретхана, жуыну кабиналарымен жабдықталған. Сондай-ақ, асхана және кітапхана, демалу бөлмелері бар. Орталықта қызмет алушылар тегін 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.
Бірақ мәселе тегін тамақ пен даяр төсекте ғана емес. Мұнда өмірден қиындық көріп, далада қалғандарға жеті бірдей бағыт бойынша көмек көрсетіледі.
– Әлеуметтік-медициналық (алғашқы дәрігерлік көмек, жеке оңалту бағдарламасын алуға жәрдемдесу, дәрігерлік көмек, ауруханаға жіберу, салауатты өмір салтын дәріптеу, емдік шараларын жүргізу)
– Әлеуметтік-тұрмыстық (тамақтану, жиһаз, төсек жабдықтары, жеке гигиеналық заттар, сондай-ақ, жеке куәлігін қалпына келтіру, қарттарға, мүгедектігі бар, өздігінен жүріп тұра алмайтын қызмет алушыларға жайлы жағдай жасау)
– Әлеуметтік-психологиялық (тұлға диагностикасы, жүйелі бақылау, психологиялық кеңес көрсету, сұхбаттасу, әңгімелесу, ынталандыру, психологиялық тренингтерді топта жүргізу)
– Әлеуметтік-экономикалық (жәрдемақы, өтемақы, алимент алуға көмектесу)
– Әлеуметтік-мәдени (мерекелер, үйірме жұмыстары, мәдени патриоттық іс-шаралар)
– Әлеуметтік-құқықтық (заңгерлік кеңес, мүгедектердің құжатын дайындауға көмектесу)
– Әлеуметтік-еңбек қызметі (іс-шаралар өткізу, қоғамдық жұмысқа баулу, кәсіби бағыт-бағдар беру, еңбек дағдыларын қалыптастыру)
Орталықтың Қарттар үйінен айырмашылығы – қызмет алушылар саны жиі құбылып тұрады. Өйткені өмірден табан тірерге жер таппай келіп, есін жиған соң елімді табам десе, қарсылық жоқ. Күндіз нәпақа теріп, түнде қонаға келетіндер де табылады. Бірақ негізгі мақсат өзгермейді. Өмір ырғағынан жаңылған жандарға қолда бар көмектің бәрі жасалады.
– Сол үшін де білікті мамандар қызметке алынды. Өмірден қиындық көріп, көптен жырылып қалған жаны жаралы жандарға демеу-сүйеу болу міндеті – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан кадр таңдағанда, талапты жоғары қоямыз. Мұның сыртында, өзіміз әрекеттеніп, тігін цехын ашқалы жатырмыз. Яғни, біздің орталықтың қызметіне жүгінгендер, еңбекке үйренеді. Әрі табыс табуға машықтанады – дейді, орталық директоры Ғаниат Жолдыбаев.
Жаңа заман, өзгерген қоғамның, қос өкпеден қысқан қымбатшылықтың, азайған жанашырлық, кеміген мейірімнің әсерінен көшеде қаңғырып қалғандар жиі кездеседі. Осындай жандар аталған орталықтан пана тауып жатыр. Арасында мекеме мамандарының іздестіруімен жақындарымен қайта табысып жатқандары да, денсаулығына байланысты ем-дом алғандары да, мамандардың психологиялық, құқықтық кеңесінен кейін өзіне келіп, адам қалпына қайта оралғандары да бар. Ең үлкен мақсат та сол – өмірден баз кешкендер тірлікке бейімделіп, қоғамға қайта сіңісуі керек.