12 декабря 2025 г. 15:56

Нұрәлі Әлиевке тиесілі болған «Транстелекомды» Тимур Турлов сатып алмақ

Фото: timurturlov.com

Тараптар мәміленің негізгі шарттары бойынша келісімге келіп үлгерген.

Астана, NEGE. Freedom Holding Corp. баспасөз қызметінің мәліметінше, реттеуші орган келісімді мақұлдаған жағдайда, Тимур Турловтың құрылымдары «Транстелеком» компаниясын сатып алады.

«2025 жылғы 11 желтоқсанда "Транстелеком" АҚ акционерлері директорлар кеңесінің жаңа құрамын бекітті. Бұл өзгерістер компанияны Тимур Турловтың құрылымдары сатып алу процесінің басталуымен байланысты болып отыр. Тараптар мәміленің негізгі параметрлері бойынша келісімге келіп, мемлекеттік бақылаушы органдардан рұқсат алу кезеңіне өтуде», – делінген хабарламада.

Компанияны одан әрі дамыту стратегиясын қарастыру біраз уақыт алатындықтан, әзірге басшылық құрамына немесе қазіргі операциялық моделіне өзгерістер енгізілмейтіні мәлім болды.

«Транстелеком» АҚ телекоммуникация, цифрландыру және IT, байланыс, автоматтандыру және энергетика салаларындағы жүйелерді біріктіруге маманданған Қазақстандағы ірі байланыс операторларының бірі болып саналады.

Осы жылдың ақпанында Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев «Транстелеком» директорлар кеңесі төрағалығынан кетті.