Тимур Турлов FIDE президентінің орынбасары лауазымына кандидатурасын ұсынбақ

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясы президентінің орынбасары қызметіне өз кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді.

Қазақстан шахмат федерациясы

Астана, NEGE. «Мақсатым – қазақстандық тәжірибені әлемдік деңгейге шығару» деген Турлов бұл шешімін желідегі жеке парақшасында хабарлады.

«Соңғы 3,5 жылда қол жеткізген нәтижелер біз қолданған тәсілдің тиімді екенін және оны әлемдік шахмат деңгейінде де кеңінен енгізуге болатынын көрсетті. Сондықтан мен өзім үшін маңызды шешім қабылдап, FIDE президентінің орынбасары лауазымына кандидатурамды ұсынуға бел будым. Федерация ережесіне сәйкес, президент пен оның орынбасары біртұтас команда ретінде сайланатындықтан, мен қазіргі президент Аркадий Дворковичтің командасымен бірге сайлауға қатысамын», – дейді ол.

Сайлау 26–27 қыркүйекте Самарқандта, Шахмат олимпиадасы күндері өтеді деп жоспарланған.

Турловтың сөзінше, ол үшін шахмат «соңғы бірнеше жыл ішінде шынайы құштарлыққа әрі жеке жобаға айналған». Сондай-ақ ол Федерациядағы жұмыс негізгі қызметі болмаса да, оған ешқашан қосалқы іс ретінде қарамағанын, FIDE-дегі қызмет «бірнеше жыл бойы жан-тәнімен беріліп атқарып келе жатқан істің заңды жалғасы» екенін атап өтеді.