TikTok-тағы уағыз: жастар діни ақпаратты кімнен алып жүр?

Бүгінгі әлеуметтік желілер – жай көңіл көтеру алаңы емес, жастардың дүниетанымы мен құндылықтар жүйесін қалыптастыратын қуатты құрал. Ішкі рухани шөлін қандырғысы келген кейбір жастардың мешітке бармай-ақ, «желі уағызшыларының» артынан еруі – соның айқын дәлелі.

NEGE иллюстрациясы

Астана, NEGE. Қазіргі таңда TikTok арқылы діни түсінігін қалыптастыратындардың қарасы қалың. Алдыңнан тоқтаусыз шығатын бір минуттық «жалынды уағыздар», әсерлі әуенмен ілесетін діни нақылдар мен «бұл дұғаны айтсаң, байып кетесің» деген сиқырлы рецепттер жас буынның зейінін оңай арбап келеді.

Алайда экранның арғы жағында мұндай контентті өндіру қаншалықты заңды? Жастар шынайы діни ақпаратты кімнен және қалай алып жүр? Бұл мәселенің мән-жайын дінтанушы Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВПЕН бірге талдап көрдік.

Жандаулет Сүлейменов, egemen.kz

TikTok онлайн медресе емес

Дін – ғасырлар бойы қалыптасқан жүйелі әрі терең теологиялық білім. Сарапшының айтуынша, қысқа видеолар арқылы діни тәпсір беру – мектеп оқушысына математиканы үш минутта түсіндіріп беремін деумен бірдей абсурд дүние. Сондай-ақ, маман мұндай күрделі саланы алгоритмге тәуелді TikTok форматымен түсіндіруге тырысуды ғылымға жасалған қиянат деп бағалайды. Ал алгоритмге тәуелді желілерден діни ақпарат тұтыну адамды теріс ағымдардың жетегіне де түсіруі мүмкін.

«TikTok — дін үйрететін электронды жүйе немесе онлайн медресе емес. Бұл – кез келген ақпаратты жүктеуге болатын қарапайым ақпараттық платформа. Екінші мәселе – алгоритмнің жұмысы. Оқырманда діни сауат болмауы мүмкін. Егер ол бір видеоны қараса – ол ойын-сауық па, жоқ әлде діни контент пе, маңызды емес – алгоритм оны ұстап алады да, соған ұқсас видеоларды үздіксіз ұсына береді. Сауаты жоқ адам бір сұраққа қарап еді, екіншісі, үшіншісі шығып, күнделікті сол тақырыптың астында қалады. Сөйтіп, бірте-бірте дұрыс жолдан тайып, шыңырауға қалай түскенін байқамай қалады», – дейді дінтанушы Жандәулет Сүлейменов.

Оның сөзінше, бұл тенденцияның басты қаупі – деструктивті топтардың адам психологиясындағы осал тұстарды дөп басып, өз мүддесіне бағыттауында жатыр.

«Әлеуметтік желідегі кей белсенді субъектілер, әсіреблогерлер адамдардың дүниетанымының сәулетшісі болуға ұмтылады. Адамдарға өз дегенін істеткісі келеді. Деструктивті діни идеологияның мақсаты да сол. Адамның психологиялық әлсіздігін кей топтар өз мүддесіне пайдаланады. Бұл – адамның жеке шекарасына өту. Осының салдарынан қаншама отбасылар құлдырап жатыр», – дейді сарапшы.

Теріс ағымдардың ықпалы: эмоция мен манипуляция

Сарапшы теріс пиғылды топтар уағызының өтімділігін олардың оқырманның ішкі арпалысына эмоционалды әрі өткір жауап ұсына алуымен түсіндірді. Алайда мұнда ескеретін басты жайт – күрделі діни мәселелердің барлығына бірдей үкім жүрмейді.

«Деструктивті діни идеологиялардың өтімді болуы – адамның психологиясына әсер ететін өткір жауаптар бере білуінде жатыр. Кез келген мәселеге “болады-болмайды”, “харам-халал” деп кесіп жауап бере салады. Ал кей мәселеге бірдей үкім жүрмейді. Былайша айтқанда, терең тәпсірді қажет ететін мәселелерге қысқа, қате және кесімді жауап береді».

Маманнан бүгінгі желідегі уағыздардың сипатын да сұрадық. Оның айтуынша, соңғы уақыттарда Кавказ бен араб елдері өкілдерінің қазақ немесе орыс тіліндегі субтитрмен тарап жатқан уағыздары белең алған. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан бұған тосқауыл қойылғанымен, теріс идеологияға қарсы ақпараттық күрес толастамауы тиіс.

«Кавказ және араб ұлттарының өкілдері тарапынан қазақ не орыс тіліндегі субтитрмен жүретін діни контент белең алып кетті. Мемлекет тарапынан бұған тосқауыл қойылып жатса да, әлде де теріс контентке қарсы ақпараттық контент жүргізілуі тиіс. Мәселен, осы бағытта жұмыс істейтін арнайы комиссия құруға болады. Дін басқармаларымен бірлесіп, әлеуметтік желілер арқылы діни түсінікті қарапайым тілде жеткізетін комиссия құрылса сапалы және қауіпсіз болар еді», – дейді сарапшы.

Діни контентті кім және қалай таратуы керек?

Жандаулет Сүлейменовтің сөзінше, цифрландыру заманында дін мамандарының заманауи трендтерге бейімделуі – заңды құбылыс. Дегенмен оларға қойылатын басты шарт – діни нормалардың сақталуы мен агитация жүргізуге заңды рұқсаттың болуы.

«Ресми мекемеден рұқсат алып, діни контент жүргізуді құптаймын. Жасанды интеллект заманында бұндай рұқсаттаманы алу керек. Бұрын рұқсатнама тек миссионерлік жұмыс үшін берілсе, енді ғаламторда діни контент жасау үшін де беріледі. Бұл – дұрыс шешім.

Дін маманы әлеуметтік желі алаңын ақида немесе сабақ беру мақсатында пайдаланбайды. Базалық сұрақтарға қысқа жауап беру үшін пайдалануға болады. Ал ақида, фикх сияқты мәселелерді TikTok платформасында талқылауға дін маманы келісе бермейді. Ал егер адамдардың күрделі мәселелерге қатысты сұрақтары туындаса, уағызшылар адамдарды діни мекемелерге шақырып, тәпсір бере алады. Жалпы, заман талабына сай кез келген маман бейімделуі керек. Бірақ, діннің нормасы сақталуы тиіс».

Дінтанушы цифрлық технологиялардың діни сауаттылықты арттырудағы шектеулігін баса айтты. Жасанды интеллект желідегі барлық деректі сүзгісіз қорытатындықтан, ақида мен иман негіздерінде дұрыс емес ақпарат тарату қаупі жоғары. Сол себепті интернет ресурстарын теологиялық білім көзі ретінде қарастырмай, оны тек жалпы ақпараттық мақсатта қолданған абзал.