TikTok-та бейәдеп сөздер айтқан 20-дан астам стример жауапқа тартылды

Ішкі істер министрлігі интернет пен әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контенттің таралуын анықтау және оның жолын кесу жұмыстары аясында 20-дан астам стримердің жауапқа тартылғанын хабарлады.

Видеодан кадр/ІІМ

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, көп қаралым, лайк және донат жинауды көздеген кейбір азаматтар тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған.

«Мұндай контенттің күн сайын кең аудиторияға, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық туғызады», – делінген ІІМ хабарламасында.

Мәселен, полицейлердің мәліметінше, Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok желісіндегі тікелей эфир барысында бейәдеп сөздер қолданған. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сондай-ақ Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова да TikTok-тағы тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан. Бұған дейін де осындай құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған ол бұл жолы әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелді.

Ал Павлодар қаласында 26 жастағы тұрғыны Аслан Амантаев соттың шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол көлік тізгінінде отырып тікелей эфир жүргізген, балағат сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. 

Түркістан қаласында «bayan_kyz», «fatima.sh0000» және «fatima_s003» никнеймдерімен танымал Баян Шанкеева да жауапкершілікке тартылды. Ол тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен. Сот оған әкімшілік айыппұл тағайындады.

ІІМ әлеуметтік желілерді құқыққа қайшы контенттен тазарту және қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасатынын ескертті.