TikTok-әкім таксилетіп жан бағып жүр
Бір ай бұрын қызметінен кететінін мәлімдеген Талғар қаласының бұрынғы әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы қазір жалдамалы көлікпен такси жүргізіп жүр.
Астана, NEGE. Экс-әкім бұл жөнінде журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында айтты.
«Қазақ: "Есектің артын жусаң да, мал тап" дейді. Күн-түн демей таксилетіп жүрмін. Өз көлігім жоқ, жалға алдым. Үйде бос жатуға намыстандым. Бала-шағамды асыруым керек. Сонымен бұрынғы әкім – қазіргі таксиші болып жүрмін. Түнде сағат үшке дейін таксилеттім, күніне 18500 теңге жоспар орындауым керек», – дейді Арыстанбек Әбілқайырұлы.
Журналист танымал шенеуніктің қызметтен кетуіне жоғарыдан қысым болған-болмағанын сұрады.
«Біріншіден, денсаулығым сыр берді. Осыдан екі жыл бұрын әкем дүниеден өтті. Соның қайғысы әсер етті. Үйдің жалғыз ұлы болғандықтан, барлық салмақ маған түсті. Тайғанақтап барып тұрдым, әкемнің дүниеден өткені маған ауыр тиді.
Оның үстіне жұмыс бар. Жарты жылдан кейін аудандық мәслихаттың депутаты болдым, бір жыл сегіз айдан кейін әкім болуға бел будым. Қолға тізгінді алуын алғаныммен, Талғар қаласының түрлі мәселесі бар, жүз мыңнан астам халқы бар, барлығы бір әкімдікке келіп тиеді екен. Соның бәрі денсаулығыма да, жүйкеме де әсер етіп, бір күнде сыр бере бастады. Желтоқсанның ортасынан жұмыстан денсаулығыма байланысты демалыс алып, дәрігерлерге қарала бастағанымда денсаулығымдағы ақаудың бәрі анықталды. Денсаулыққа байланысты болмауым жұмыста кедергісін келтірді», – дейді Талғардың бұрынғы әкімі.
Ол өз жұмысын жүз пайыз орындай алмағанын мойындағанымен, бар күшін салғанын айтып өтті.
Сонымен қатар Әбілқайырұлы егер тағы бір мүмкіндік беріліп, мемлекеттік қызметке шақырса, оралуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Арыстанбек Әбілқайырұлы Талғар қаласын 2024 жылғы желтоқсан айынан бастап басқарды. Ол әлеуметтік желілерде кеңінен танымал болды. TikTok желісінде оған шамамен 80 мыңға жуық адам жазылған. Ол тұрғындардың ұсыныс-шағымына бірден жауап қатып, тығыз қарым-қатынас орнатуымен ерекшеленді. БАҚ өкілдері оны «жаңа форматтағы шенеунік» деп атады.