«The Pussycat Dolls» тобы сахнаға қайта оралды
«The Pussycat Dolls» тобы қайта жанданды. Аты аңызға айналған гелзбенд 1995 жылы хореограф Робин Антиндың басшылығымен құрылған еді. Алғашында бишілер тобы ретінде танылған ұжым, 2003 жылдан бастап жеке әндерін ұсынып, танымалдылыққа қол жеткізді. Әлемге әйгілі өнер өкілдері 10 жылдық үзілістен кейін сахнаға оралды.
Николь Шерзингер бастаған бұрынғы құрам су жаңа «React» атты трекке бейнебаян таспалады. The Pussycat Dolls-тың жаңа туындысына тыңдармандар оң бағасын берді. Клипте 40 жастан асқан әншілер қимылдарының ширақтығымен бірден көзге түседі. Топ мүшелерінің айтуынша, олар ең алғашқы бейнебаядарын қайталауды мақсат тұтқан.
Николь Шерзингер, әнші: Біз әлі сол баяғы қыздармыз. Арада 20 жыл өтсе де, біздің өнерге деген махаббатымыз өшкен жоқ. Сондықтан болар, біздің күш-жігеріміз сарқылмақ емес.
Айта кетейік, туынды жарық көргелі 6 миллионнан аса қаралым жинап үлгерді. Одан бөлек, трек АҚШ-тың «iTunes» музыкалық чартында екінші орынға жайғасты.
Кармит Бачар, әнші: Қайта оралғанымызға сене алар емеспін. Енді бұрынғыдан екі есе көбірек жұмыс істеу керек. Себебі, қазіргі таңда жастардың сұранысы мүлдем өзге.
Ұзақ үзілістен кейін алғашқы бейнебаяндарын жарыққа шығарған ұжым, түсірілім алаңынан эксклюзивті видео ұсынған еді. Өнер иелері бұрынғы танымалдылығын қайтару үшін шығармашылығымызды мықтап қолға аламыз деп білек сыбанып отыр. Олар Ұлыбритания еліне турне өткізуге дайындық үстінде. Топтың ән сапары сәуір айында басталмақ.