Теннисші Зарина Диас спорттағы мансабын аяқтады

32 жастағы теннисші Зарина Диас спорттағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді.

instagram.com/zarinadiyas

Астана, NEGE. Бұл жөнінде спортшы қыз Instagram желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«Бүгін өмірімнің ең маңызды кезеңдерінің бірін жабамын – кәсіби теннистегі мансабымды аяқтаймын. Бұл керемет жол болды… бала күнінен әлемдік ареналарда ойнауды, турнирлерде жеңіске жетуді және әлемнің үздіктерінің бірі болуды армандаған Алматыдан шыққан кішкентай қыздың жолы», – дейді ол.

Ол жазбасында әлемдік рейтингте үздік отыздыққа кіргенін және Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын қорғағанын зор мәртебе көретінін атап өткен.

«Теннис маған көп нәрсе берді» деген Зарина қиын кезеңдерді жеңістер мен эмоциялар алмастырғанын айтады.

Сондай-ақ спортшы жанкүйерлеріне, жаттықтырушыларына және спорт әлеміне жетектеп әкеліп, жол көрсеткен анасы мен мансап жолында қолдау көрсеткен әпкесіне алғысын білдірді.

«Мен бұл жолдан мақтаныш, алғыс және абырой сезімімен кетіп барамын.
Және тенниске деген үлкен махаббатпен… ол мәңгі менің бір бөлшегім болып қалады», – деп жазды теннисші.

Зарина Диас мансабының ең жоғары кезеңінде WTA әлемдік рейтингінде 30-орынға дейін көтерілді. Кәсіби спорттағы карьерасы барысында ол WTA аясында бір турнирді, сондай-ақ ITF сериясында жекелей сында 10 жарысты жеңіп алды. Олимпиада ойындарына қатысып, Федерация кубогында өнер көрсетті. Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы Қазақстанның бірінші ракеткасы болды.

Қазір оқып жатыр

ФБР Қытай қосымшаларын қолданбауға шақырды: БАҚ-та Temu, SHEIN және басқалары аталды

Молдова билігі Нұрлан Сабуровтың концертін өткізбеуге кеңес берді

Тоқаев пен Мирзиёев бейресми кездесу өткізеді

Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек тұңғыш сәбиін дүниеге әкелді