Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 540 теңгеге жетуі мүмкін

 Сарапшылардың болжамынша, мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 85 доллар деңгейінде болған жағдайда, жыл соңына қарай доллар бағамы шамамен 540 теңгеге жетуі ықтимал.

freepik.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Halyk Finance талдау орталығының қаржы нарығына арналған шолуында айтылған.

Мамыр айының қорытындысы бойынша теңге АҚШ долларына шаққанда 5,1%-ға әлсіреп, сәуір айының соңындағы 463,09 теңгеден 486,51 теңгеге дейін төмендеді.

Өткен айдағы теңгенің әлсіреуіне, мамандардың айтуынша, бірнеше фактордың қатар әсер етуі себеп болған.

«Атап айтқанда, бірінші тоқсандағы ең жоғары деңгейден кейін шетел валютасы ұсынысының азаюы, шетелдік инвесторлар ағыны бағытының өзгеруі, сондай-ақ импорттаушылар мен дивиденд төлемдері аясында валютаға сұраныстың артуы ықпал етті. Бұған қоса, зейнетақы активтерін қалыптастыруға байланысты операциялар да қосымша әсер еткен болуы мүмкін. Нәтижесінде, біздің пікірімізше, сауда белсенділігі жоғары деңгейде сақталғанына қарамастан, валюта ағындарының теңгерімі теңгенің әлсіреуі жағына қарай ауысты», – дейді мамандар.

Сарапшылар келтірген болжамға сәйкес, маусымда теңгенің айырбас бағамына Ұлттық банктің валюта сату көлемі, бейрезиденттердің (шетелдік инвесторлардың) іс-әрекеті және БЖЗҚ активтерін қалыптастыру операциялары әсер етеді. 

Ал мұнай бағасының өзгеруі сынды сыртқы факторлар негізінен жанама сипатта болады. Нәтижесінде, маусым айында курс біртіндеп әлсіреу үрдісін көрсетуі ықтимал.