Теміртауда келіншек ойын алаңындағы балаларды миы шайқалғанша ұрған
Теміртауда ойын алаңында баласымен төбелескен кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана зиян келтірген әйел сотталды. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.
Алматы, NEGE. Істі Теміртау қалалық соты қараған. Әйел Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 2-бөлігінің 3 және 8-тармақтары (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша айып тағылған.
Тергеу мәліметінше, әйел кәмелетке толмаған екі баласымен Теміртаудағы тұрғын үйдің ауласындағы балалар ойын алаңында жүрген. Содан ол баласының тағы бір кәмелетке толмағанмен төбелесіп жатқанын көрген. Қазақстандық келіншек жасөспірімді ұрып-соққан.
"Әйел баланы сол қолымен жағасынан ұстап, балалар алаңында сүйреген. Кейін оң алақанымен оның бет тұсына бір рет ұрып, жабық бассүйек-ми жарақатын салған. Жәбірленушіде ми шайқалу, гематома және бетінде сызаттар анықталған", – деді сот.
Сотта әйел өз кінәсін мойындады. Сонымен қатар, оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, бейнебақылау камерасына түсірілген видеомен, жәбірленушінің заңды өкілінің, кәмелетке толмаған жәбірленушінің өзінің, кәмелетке толмаған куәгердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен дәлелденді. Жәбірленушінің қорғаушысы соттың шешімімен заң бойынша жаза тағайындауды сұрады.
Сот оның іс-әрекетіне шын жүректен өкінуін және кәмелетке толмаған балаларының болуын сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкім тағайындау кезінде сотталушының тұрғылықты жері мен жұмысы бойынша оң мінезді және алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын ескерді. Соттың 2025 жылы 30 маусымдағы үкімімен әйел кінәлі деп танылды. Оған пробациялық бақылаумен 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Жәбірленушінің заңды өкілінің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Сот парасаттылық пен әділдік өлшемдерін және сотталушының мүліктік жағдайын ескеріп, жәбірленушіге моральдық шығын үшін 100 мың теңге өндіріп берді.
Соттың үкімі заңды күшіне енді.