10 апреля 2025 г. 17:52

«Этникалық орыстарға өшпенділігім жоқ» – Журналист Темірлан Еңсебекке қатысты сот отырысы өтті

Фото: NEGE

Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі өтіп жатыр.

Алматы, NEGE. Темірлан Еңсебектің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша іс қозғалып жатыр. Бұған дейін сотта прокурор Дидар Қабаев айыптау қорытындысын оқып, Темірлан Енсебекке қатысты қылмыстық қудалау 2024 жылғы 21 қаңтарда жарияланған посттан кейін басталғанын мәлімдеді. Сол күні ол сатиралық Qaznews24 парақшасында «Қазақстандық рэперлер Тина Канделакиге жауап қайтарды» деген тақырыппен жазба жариялаған. Жазбаға «Йоу, орыстар» атты ән қоса салынған. Әннің мәтіні ұлтаралық араздық тудырып тұр деген айып тағылды.

Ол сотқа онлайн байланыс арқылы тергеу изоляторынан қосылды. 

Сот БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті. Бүгінгі сот отырысында Темірлан Еңсебектен жауап алынды.

Адвокат Жанар Балғабаева қорғауындағы Темірлан Еңсебековпен кеңесуге уақыт жетпегенін, сөйлесуге мүкіндік болмағанын алға тартты. Судья Бейнегүл Қайсина кеңесуге жеткілікті уақыт берілгенін айтып, жауап алуды жалғастыруды тапсырды.

Фото: сот залынан

Адвокат Жанар Балғабаева Темірлан Еңсебектен «этникалық орыстарға қатысты қандай да бір өшпенділігі бар ма» деп сұрады.

«Менің қалыңдығым – орыс ұлтынан. Мен қалай этникалық орыстарды жек көремін? Екеуміз екі ұлттың да мерекесін қатар атап өтетінбіз», – деді Темірлан Еңсебек.

Сондай-ақ, ол парақшада жарияланған сурет пен мәтінде орыс ұлтына қатысты ешқандай қорлау не балағат сөздер жоқ екенін тағы да қайталап айтты.

«Бүкіл пост ресейшіл Тина Канделакиге арналды, ол Қазақстанға қатысты жағымсыз пікір білдірген еді», – деді ол.

Прокурор Дидар Қабаев жауап алу кезінде Темірлан Еңсебектен не себепті дәл осы әнді таңдағанын сұрады.

«Өйткені 2022 жылдан бастап бұл ән –халықтың әніне айналды. TikTok-тағы 100 видеоның 70-ін осы әнмен кездестірдім. Ол жерде Ресейдің Украинаға жасаған әскери агрессиясы айыпталған», – деді Т.Еңсебек.

Ал прокурор ән мәтінінде Украинаға қатысты ештеңе жоқ екенін атап өтті.

Мемлекеттік айыптаушы журналистің неліктен дәл осы әнді жариялағанын білмек болды. Сонымен қатар «мұндай контент үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын  білдіңіз бе?» деп сұрады. Темірлан Еңсебек бұл жайында хабарсыз болғанын мәлімдеді.

Сотта Т.Еңсебек үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш білдірді. Судья оның өтінішін қанағаттандырмады.

Сот отырысы ертең сағат 10.00-де жалғасады.