24 октября 2024 г. 18:50

Темірхан МЕДЕТБЕК, Қазақстанның халық жазушысы: Марапат алдым екен деп, пікірімді өзгертпеймін

Фото: Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Қазақстан халық жазушысы» атағы 24 жылғы үзілістен кейін былтыр қайта беріле бастады. Биыл бұл мәртебелі атаққа лайық деп танылған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбекке хабарласып, редакция атынан құттықтадық. Әркез ақиқатты айқайлап, шындықты шырылдап айтатын қаламгерді аз-кем әңгіме де тарттық.

– Темірхан аға, «Қазақстанның халық жазушысы» атағы құтты болсын! Билік тарапынан ұзақ жыл марапат көрмеген сізге бұл атақ қалай әсер етті? 

– Маған атақ беріп жатқанына көп рақмет. Назарбаевтың кезінде оппозицияда болған адаммын. Жалғыз мен емес, Қабдеш Жұмаділов, Ғаббас Қабышұлы сияқты азғантай ғана топ болсақ та, сол қатардан көріндік.

Қаңтар оқиғасы – өзекті өртеген өкінішті жағдай. Енді мен марапат алдым екен деп, пікірімді өзгертпеймін. Бұл – біздің қасірет-қайғымыз. Тарихта қара түспен, ірі әріппен баттитып жазылатын болады. Бұл Тәуелсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін. Халыққа жасаған қиянат ешуақытта санадан өшпейді. Қанды оқиғаның жай-жапсары түгел ашылған жоқ. Мұның түпкі астарын жұрттың бәрі біледі. «Осының бәрін Кәрім Мәсімов жасады» дегенге өз басым сенбеймін. Оның арғы жағында отырған белгілі адамдар бар. Шын мәнінде, мемлекетке опасыздық жасағандардың түрмеден шығып кетуі жұртқа түсініксіз. Меніңше, бұл шындық түбі ашылады. Ал қашан ашылатынын білмейміз. Мұны ешкім жылы жауып қоя алмайды. Тарих бәрімізден жоғары, бәрімізден шыншыл. Сондықтан қанды қаңтар оқиғасына қатысы бар адамдар айтылады. Тіпті, о дүниелік болып кетсе де. Бірақ дәл қазір шындықтың беті ашылмай жатқаны өкінішті.

– Егер президентпен жеке кездесу сәті бұйырса, осы мәселені ашып айтар ма едіңіз?

– Президенттің енді менімен кездесуі қиындау. Бұл үлкен сатылардан, процестен тұрады ғой. Бірақ кездесуге өзім сұрансам да, рұқсат бере ме екен? Әзірге бұл тақырып барлық жерде жабулы қазан күйінде тұрсын деп келіскен сияқты. Сондықтан президентпен тағы кездесемін деп үміттенбеймін. Егер мүмкіндік туса, Қаңтар оқиғасын ғана емес, басқа да жаралардың бетін ашып айтар едім. Бірақ енді менімен кездестірмейді ғой.

– «Қазақстанның халық жазушысы» атағы – сіздің шығармашылықтағы жанкешті еңбегіңіздің ақталғанының көрсеткіші. Дегенмен, кейбір қаламгерлер марапатталса, тонын теріс киіп, пікірінен тайқып шығады. Сіз әу бастағы принципті сақтайсыз ба?

– Өз ойымнан, өзімнің пікірімнен ешуақытта тайып кетпеймін. Кезінде Жаңаөзенде қырғын болғанда «Жас Алаш» газетіне «Қан жібермейді» деп мақала жаздым. Одан кейін «Азаттық радиосында» да «Наразылыққа шыққан қарусыз, бейбіт адамдарға оқ жаудыру – нағыз сорақылық, қанішердің ісі» деп айттым. Ал Қаңтар оқиғасы бұдан да өткен қасірет болды. 200-ден астам адам көз жұмды. Сондықтан әлі де «Қан жібермейді» деген сөзімнен таймаймын. Түптің түбінде, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып тұратын болса, бұл екі оқиғаның да шындығы бүгін, не ертең болмаса да, толығымен ашылады деп ойлаймын. Оның кім екені айтылады. Оны ұйымдастырған Мәсімов қана емес! Ол – орындаушы ғана. Ол да өзінің жазасын алуы керек. Бірақ оны басқарған адам басқа. Айтайын десем, қолымда құжатым, дерек-дәйегім жоқ. Дегенмен, бұл қантөгіске пәрмен берген адамның бары анық. Сол кезде президент Қ.Тоқаевқа «Орныңды босат!» деп шетелге кетіп қалуын сұрағаны да рас. Осыны Мәсімовке айтқызып отырған кім? Сол да тиісті жазасын алып, оған қаратып қарғыс айтылуы керек.

Фото: ғаламтордан

– «Шындықты айтамын» деп көп игіліктен құралақан қалған, итаршылардың аяғыңыздан шалған кезі көп болды ма?

– Мәселен, 10 жыл бойы мемлекеттік стипендия алғам жоқ. Шеттетіліп қалдым. Жазушылар одағынан бірде-бір орденге, стипендияға ұсынған емес. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болсам да, белгілі бір дәрежедегі ешбір жұмысқа шақырған жоқ. Шеттетілгенім туралы «Егемен Қазақстан» газеті бетінде де айтқанмын. Соған қарамастан ешкімнің ығына жығылып, болмысымнан айныған жоқпын. Қазір енді өзің сияқты тілшілер сұрақ қойса, жауап беремін. Ал дабыра көтеріп, мәселенің ортасында жүруге денсаулығым да болмай жүр. Оның үстіне бұрынғыдай оппозиция да жоқ. Шындықты айтқанды дереу қамап тастайды. Бірақ соның өзінде маған мына атақты беріпті. Бәлкім, Жаңаөзендегі қырғын кезіндегі, одан кейінгі айтқан ой-пікірімді сыйлаған, құрметтеген шығар. Жоқ, әлде басқа есеп болды ма, білмеймін. Мұны билігі бар азаматтардың емес, халықтың құрметі шығар деп, қабыл алдым.

– Мерейлі 80 жастың да ауылы алыс емес екен. Жазушылар одағынан мерейтойды атап өту туралы ұсыныс түсіп жатқан жоқ па?

– Ұсыныс бола қойған жоқ. Дегенмен, ауызекі әңгімеде айтылған сияқты. Бірақ 80 жылдығымды атап өтпеймін. Бұл маған той емес, елмен қоштасу басқосуы сияқты болып көрінеді. Одан кейін қазір «той» деген сөз қасиетін жоғалтқандай. Бұрын ел-жұртты жинап тойладық. Ал қазір құр рәсуа, шығын. Оның үстіне қан құсып, қанішерліктен зорлық-зомбылық көріп жатқан мынандай жағдайда той жасауды жөн көрмеймін. Жұртты шақырып, мейрамханада үлкен той жасап, шапан киіп, мақтау естуге көңіл-қошым да жоқ. Енді жеке адамдар құрмет көрсетсе, өзі білер.

– Бәлкім, «Қазақстанның халық жазушысы» атағын да мерейтойыңыз қарсаңында берген шығар...

– Соны ескеріп берді ме, басқа ма, білмеймін. Маған ондай әңгіме айтылған жоқ. «Ертең билет алыңыз. Марапаттау болады» деді. Қандай марапат екенін де естігем жоқ, сұрамадым да. Табыстаған кезде ғана білдім.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

– Қазір қоғамда қатігездік көбейіп кетті. Көзімізді тырнап аша сала еститініміз жағымсыз ақпарат. Қалай ойлайсыз, адамдық кейіптен ажырап, мейірімнен жұрдай боп бара жатқан сияқтымыз ба?

– Көңілге өкініш ұялататын нәрсе көп. Бұрын әлеуметтік желіні қарамайтын едім, кейін кірсем имандылықтан айрылған, адамгершіліктен безген, кісілікті таптап, жаншып тастаған оқиғалардан көз сүрінеді. Әсіресе, балалардың суицид жасап, өзіне қол жұмсауы жанымды ауыртады. Ұлттық идеология болмаса, ештеңе өзгермейді. Бұрынғы Назарбаевтың заманындағы кадрлар немесе құйыршықтары әлі отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мені тыңдай ма, жоқ па, білмемін. Бірақ сот, прокуратура айналасындағы мамандарды, құқық қорғау органдарын түгелімен тазарту керектігін айтқым келеді. Солардың көзін құртпай, Қазақстан дұрыс жолға түседі деп ойламаймын.

– Қазір көпшілікте Назарбаев билігіне деген өшпенділік басым. Билік халық сенімінен шықпаса, соңы қайда баратынын көз көрді. Сіздегі ащы мұңның наласы кімге?

– Ол туралы жұрттан артық сөз айтам дей алмаймын. Қазақстанды қатты құлдыратып жіберді ғой. Тәуелсіз еліміздің рахатын соның өзі мен ұрпағы ғана көрді. Шын мәнінде, тәуелсіздікке толық жеткен жоқпыз, жете алмай келеміз. Бірақ Тоқаев бәрін қолына алып, көп мәселені мүлдем басқаша шешуіне әлі де кеш емес. Оған толық мүмкіндігі бар. Бірақ оны пайдалана ала ма, жоқ па, білмедім.

– 13 жылдан кейін мемлекеттік мереке ретінде қайта оралған Республика күнін биыл үшінші рет атап өтеміз. Сіз бұл шешімді құптадыңыз ба?

– 16 желтоқсан – қанды желтоқсан ретінде тарихта қалды. Одан кейін Жаңаөзен оқиғасы да осы күні болды. Тәуелсіздікті қай елде де белуардан қан кешіп алды. Бірақ олар тәуелсіздік үшін қан кешсе, ал бізде тәуелсіздікке кір келтіріп, дақ түсіретін жағдай болды. Сондықтан 16 желтоқсан күнін басқаша атап өту керек сияқты. Ал Республика күнін егемендік декларациясы қабылданған күн ретінде атап өткен дұрыс.