Теміртауда №2 емхана карантинге жабылды
Қарағанды облысында бүгін тағы 11 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24». Оның төртеуі Теміртау қаласындағы №2 емхананың дәрігерлері.
Алматы, NEGE. Енді бұл емхана карантинге жабылады. Қазір Теміртау қаласында екі емхана жұмыс істеп тұр. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан тағы бір емхана осы аптаның аяғына дейін ашылады. Барлық науқас індетке қарсы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, бокстарға оқшауланып, емдеу курсынан өтіп жатыр. Жалпы, аймақта кесел 76 тұрғыннан анықталды. Бір адам сауығып шықты, тағы бір науқас өкінішке қарай көз жұмды.
Айта кетейік, Қарағанды облысында індетпен күресіп жатқан 3 мыңға жуық дәрігерге 300 миллион теңгеден астам бір реттік сыйақы төленді. Ержан Нұрлыбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: - Қызметкердің бірі ауру жұқтырып, қалғандарына абайсызда жұқтырып алған. Қазір онда зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі, сондықтан емхана уақытша карантинге жабылады. Өзге мамандар жіті бақылауға алынады.