27 августа 2024 г. 11:48

Телеграмға тұсау: Миллиардер Дуровтың ұсталуы Қазақстанға қалай әсер етеді?

Фото: Коллаж NEGE

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров 24 тамыз күні Францияның Ле-Бурже әуежайында ұсталды. «Заманның дамуына атсалысқан программист не үшін қамауға алынды?» деген сұрақ көптің көкейінде жүр. Еуропа мен Ресейдіңарасы онсыз да қырғи-қабақ, соның салдарынан Дуров саясаттың құрбаны боп кетпей ме?

Егер Францияның соты Дуровты кінәлі деп тапса, ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бұл жағдай Қазақстанға және әлемдік дамуға қалай әсер етуі мүмкін? Цифрлық даму министрі Жасұлан мәдиевтің ұйқысы тыныш па?

Павел Дуров кім?

1984 жылы 10 қазанда Ленинград қаласында туған, ресейлік кәсіпкер және интернет желісіне арналған қосымшыларды ойлап табушы. Павел Ресей азаматтығынан басқа, Сент-Китс және Невис, БАӘ және Францияның азаматы.

Оның мансаб жолы қызыққа толы. 2001 жылы Академиялық гимназияны үздік бітіріп, 2006 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің филология факультетін «Ағылшын филологиясы және аударма» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірді. Бірақ, университеттен дипломын әлі алып кетпегеніне қарағанда, ақылды Павелге қызыл қағаздың керегі шамалы сияқты. Сонымен қатар, ол РФ Президенті мен РФ Үкіметі стипендияларының лауреаты, Потанинск стипендиясының үш мәрте иегері.

Фото: ғаламтордан

Жоғары оқу орнын бітірген соң бірден Ресейдегі ең ірі «ВКонтакте» желісін құрып, 2011 жылы 7,9 млрд рубльмен ресейлік миллиардерлер рейтингінде 350-орынды иеленеді. Алайда Павел Дуров 2014 жылы Ресейден көшетінін, акцияларын сататынын және Ресейге енді қайта оралмайтынын мәлімдеді.

Кәсіпкер, Ресейден көшуді біраз уақыттан бері ойластырып жүрсе керек. Себебі, ол 2013 жылы Telegram мессенджерін ойлап тапты. Жылдың аяғына қарай Telegram қолданушылары саны тез арада 100 мыңға жетіп, 2024 жылдың шілдесінде желіні әлемде 950 миллионға жуық адам қолданатыны белгілі болады. Бұл туралы Дуров былай дейді: «Елде бірде-бір қауіпсіз байланыс құралы жоқ екенін білгендіктен, өзім жаңа желі жасауға бел будым. Жеткілікті деңгейде қорғалған, шифрланған қолданба жасауды көздедім. Менің ағам – гений, оның математика саласында екі докторлық дәрежесі бар, оған қоса өзі криптография саласының білгірі. Сол ағам алдымен шифрды ойлап тапты. Ал мен қолданбаның интерфейсін, қызметтерін құрастырып шықтым», – дейді.

Павел Дуров 2016 жылдан бастап Forbes тізімінде Ресейдің ең бай 200 адамның қатарына кіреді де, 4 жыл ішінде байлығын 600 млн долларданнан 3,4 млрд долларға дейін ұлғайтады. Ал 2020 жылы Ресей бойынша рейтингте 30-орынды, әлемде 565-орынды иеленеді. 2022 жылы ресейлік миллиардерлер арасында Дуров 15,1 млрд доллар байлықпен үшінші орынға тұрақтап, өнеркәсіптік сектордан тыс ТОП-10 бизнесмендер қатарына енді. Осы себеп болса керек, Павел Дуровты «ресейлік Марк Цукерберг» деп те атайды.

Не үшін айыпты болды?

Дуров Бакуден Францияға жеке ұшағымен ұшып келген бойда әуежайда ұсталып, уақытша қамауға алынды. France-Presse ақпарат агенттігінің дерегінше, Павел Дуровқа «Telegram платформасындағы алаяқтық, есірткі саудасы, киберқауіп, ұйымдасқан қылмыс және терроризмді насихаттау сияқты заңсыздықтарға қарсы шара қолданбады» деп айып тағылып, іздеуде жүргендердің тізімінде болған.

Фото: ғаламтордан

Бұл айыпқа қарсы, Telegram мессенджері ресми мәлімдеме жасады. Онда: «Telegram ЕО заңдарына, соның ішінде Сандық қызметтер туралы заңға сәйкес жұмыс істеді, модерациясы салалық стандарттарға сәйкес және үнемі жетілдіріліп отырады. Telegram бас директоры Павел Дуровтың жасыратын ештеңесі жоқ. Платформа немесе оның иесін платформадағы теріс әрекеттерге қатысты айыптау – әбестік. Әлем бойынша миллиардқа жуық пайдаланушы Telegram-ды байланыс құралы және маңызды ақпарат көзі ретінде пайдаланады», – делінген Telegram командасының мәлімдемесінде.

Бірақ, кейбір дәйектемелерге қарағанда, миллардерді қамауға тағы бір себеп бар сияқты. Дуров өз мессенджерінде француздардың «Сөзге – еркіндік» акциясына қатысты ештеңе жарияламаған және қолдамаған. Оның Франция азаматты екенін ескерсек, қамалуының саяси реңк алуына осы да себеп болуы әбден мүмкін.

Министр Мәдиевтің ұйқысы тыныш па?

Дуровтың ұсталуына қатысты Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пікір білдірді. Себебі, Павел жақын арада Қазақстанға келіп, қазақстандық ауыл балаларына қолдау көрсетуге бағытталған «IQanat» жобасының қамқоршыларының бірі болып, 365 000 долларлық 12 грант бөлген. Ол тек қаржы бөлумен шектелмей, оқу процесін зерттеуге, балаларды іріктеуге, олардың өмірбаяны мен мектептегі үлгерімін зерделеуге ат салысатынын айтқан.

П.Дуров пен Ж.Мәдиев. Фото: ғаламтордан

Қазақстандық министрдің Дуровты қолдайтынын, Telegram желісінің адал екенін, қазақстандықтар бұл қосымшаны жиі пайдаланатынын айтқаны содан болса керек.

Дуровты Франция бүгін-ертең жібере қоюы екіталай. Өйткені тағылған айыптар тым ауыр. Одан бөлек Дуровтың түбі ресейлік екенін ескерсек, әлемге танылған миллиардердің тағдырын әлдебір тетік ретінде саясатта пайдалануы ғажап емес. Егер Дуров жуық арада босамайтын болса, қазақстандағы жобалардың жайы не болады? Міне, осыны ойлаған Мәдиевтің ұйқысы қашып жүрген сияқты...

Ресей іске араласуы мүмкін бе?

Танымал адвокат Илья Русяев «РИА Новостиге» берген сұхбатында былай депті: «Ресей басшылығы Францияда тұтқындалған Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың мүддесін қорғау үшін дипломатиялық қадамдар жасауға мүмкіндігі бар».

Коллаж: Daily Storm

Оның айтуынша, Дуровқа консулдық қолдау көрсетуге немесе қамауда ұстаудың неғұрлым жеңіл шарттары туралы келісімге келуге болады. Бірақ, заңгер тиімді мүмкіндіктер аз екенін, дегенмен Дуровтың БАӘ азаматтығы туралы ақпарат бар екенін, сондықтан бұл елдің билігі де араласуға тырысуы мүмкін екенін айтты.

Эммануэль Макрон: Бұл саяси шешім емес

Франция президенті Эммануэль Макрон Telegram мессенджерінің негізін қалаушының ұсталуына қатысты өз Facebook желісінде мәлімдеме жасады.

Э.Макрон. Фото: ғаламтордан

«Павел Дуров қамауға алынғаннан кейін Франция туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Франция сөз және коммуникация еркіндігіне, инновация мен кәсіпкерлікке бұрынғыдан да көбірек еркіндік берген. Солай болып қала береді. Заң үстемдігі жағдайында, әлеуметтік желілерде азаматтарды қорғау және олардың негізгі құқықтарын сақтау үшін бостандықтар заңмен белгіленген шеңберде жүзеге асырылады. Францияда Telegram басшысының ұсталуы жүргізіліп жатқан сот тергеуі аясында іске асты. Бұл саяси шешім емес. Шешімді судьялар қабылдайды», – деп жазды Эммануэль Макрон.

Аружан АСҚАРҚЫЗЫ, Ақпараттық технологиялар университетінің 2-курс студенті.