Техастағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 51-ге жетті, оның ішінде 15 бала бар
Техастағы жойқын су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 51 адамға жетті, оның ішінде 15 бала бар. Бұл туралы Euronews хабарлады.
АЛМАТЫ, NEGE. Тасқыннан кейін құтқарушылар өзен жағалауларын тексеріп, үйінділер астынан жоғалғандарды іздестіруді жалғастырып жатыр. Әзірге билік нақты қанша адамның хабар-ошарсыз кеткенін хабарлаған жоқ. Алайда деректерге сүйенсек, із-түзсіз жоғалғандардың арасында Camp Mystic христиандық жазғы лагерінен 27 бала бар.
Жұма күні Гваделупе өзенінің суы небәрі 45 минут ішінде 8 метрден аса көтеріліп, үйлерді, лагерьлерді және көліктерді шайып кеткен. Апатты жағдай штат бойынша толассыз жауған жауын-шашын аясында өрбіді. Сенбі күні құтқару жұмыстары күшейтілді: тікұшақтар, қайықтар мен дрондар жұмылдырылып, су астында қалған тұрғындарды эвакуациялау және жоғалғандарды іздеу жұмыстары жүргізілуде.
— Біз әрбір адамды табамыз, — деді Техас губернаторы Грег Эбботт.
Керр округінің шерифі Ларри Лейта Хилл-Кантри аймағында 32 адамның қаза тапқанын растады: оның 18-і ересек, 14-і бала. Сонымен қатар Тревис және Бернет округтерінде де адам өлімі тіркелген.
Құтқару жұмыстары алдағы демалыс күндеріне дейін жалғасады. Билік қазіргі таңда жоғалғандарды іздестіру және табиғи апаттың залалын бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.