Техастағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 130-ға жуықтады

Апат кезінде төтенше ескерту жүйесі толық іске қосылмағаны белгілі болды.

Getty Images

Алматы, NEGE. АҚШ-тың Техас штатында болған алапат су тасқыны салдарынан кемінде 129 адам көз жұмды, деп хабарлайды DW сайты.

Жергілікті биліктің мәліметінше, апаттан кейін бір апта ішінде із-түзсіз жоғалғандар саны 166 адамға жеткен. Ең көп шығын Керр округінде тіркелген – 103 адам қаза тапты, оның ішінде 36 бала бар.

The Washington Post газетінің жазуынша, апат кезінде Техастың Керр округіндегі билікқолында бар дабыл беру жүйесін уақытылы пайдаланбаған. Бұл жүйе төтенше жағдай кезінде:

  • мобильді құрылғыларға автоматты түрде ескерту сигналын жібереді
  • құрылғыны дірілдетіп, қатты дыбыс шығарады
  • кең радиусқа ескерту тарата алады.

Алайда бұл жолы дабыл SMS арқылы ғана жіберілген, оның өзі тек арнайы тіркелген қолданушыларға жеткен.

«Бұл – төтенше жағдай кезінде коммуникация жүйесінің қаншалықты маңызды екенін көрсететін оқиға. Ақпарат уақытылы таралғанда, адам шығыны аз болар ма еді…», – деп жазады басылым.

Техас штатының метеорологтары 13 шілде кешіне дейін нөсер жаңбыр жалғасатынын, бұл жаңа су тасқындарына себеп болуы мүмкін екенін ескертті. Жағдай әлі де тұрақсыз, іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазір оқып жатыр

Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК-тен шығу туралы шешім қабылдады

Үйқамақта болуы тиіс Олеся Кексель Алматы әуежайында не істеп жүр?

Жамбыл облысында экс-депутаттың партиядан шығарылуына қатысты іс қайта қаралады

АМӨЗ-дегі экологиялық жанжал және Атырау тұрғындарының денсаулығы: деректер не дейді?