Техастағы су тасқыны: Қаза тапқандар саны 43 адамға жетті, 27 бала іздестірілуде
АҚШ-тың Техас штатындағы Керр округінде болған жойқын су тасқыны салдарынан 43 адам, оның ішінде 15 бала қаза тапты. Бұл туралы округ билігіне сілтеме жасап BBC хабарлады.
АЛМАТЫ, NEGE. Қаза тапқан ересектердің бесеуі және үш бала әзірге сәйкестендірілмеген. Штат билігі құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін екенін жоққа шығармай отыр. Жазғы лагерьде демалып жатқан 27 қыз бала із-түссіз жоғалғандар қатарында.
— Құтқарылғандар мен эвакуацияланғандар саны 850 адам, олардың сегізі түрлі жарақат алған, — деді Керр округінің шерифі Ларри Лита сенбі күні кешкісін өткен баспасөз мәслихатында.
Техастың бірнеше округінде төтенше жағдай жарияланды. Көптеген жолдарды су шайып кеткен, телефон байланысы үзілген.
Құтқарушылар Сан-Антониодан 104 шақырым жерде орналасқан Кервилл қаласына жақын маңдағы Camp Mystic жазғы лагерінде жоғалған балаларды іздестіруді жалғастырып жатыр. Шерифтің айтуынша, операция барлық балалар табылғанға дейін тоқтатылмайды.
АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі (NWS) Техастың оңтүстік-орталығындағы Комал округінде де су тасқыны қаупі сақталып отырғанын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Техастағы су тасқыны кезінде 24 адамның көз жұмғаны хабарланған еді.