TEDxAstana: Отарлық санадан арылу, тіл мен тарих
Елордада демалыс күндерімен тұспа-тұс уақытта TEDxAstana конференциясы өтті. «Бейуақыт» тақырыбында ұйымдастырылған конференцияға 16 спикер қатысты.
Астана, NEGE. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2022 жылғы оқиғалардан кейін өз-өзімізге, жалпы әлемге деген түсінігіміздің шайқалған жайы бар. Демек, ауыр әңгімені қозғап, күрделі шешім қабылдайтын уақыт келді. Бұл бір «бейуақыт» кезіндегі көңіл-күймен барабар сәт дерсің.
Ұйымдастырушылар қазіргі бастан кешіп жатқан тарихи сәтті тәтті ұйқыдағыдай өткізуге болмайтынына және «бейуақыт» метафорасы бүгінімізді суреттейтініне сенімді.
Конференцияны тіл белсендісі Мақсат Арзаман бастады. Мақсат қазақстандықтарға қазақ тілін үйретіп, жан-жақты танытатын QazaqGrammar, JanaSozdik, QialDub, QazaqshaJaz жобаларында жұмыс істейді.
Әйелдерге арналған онлайн шығармашылық жазу курсының авторы Эльмира Какабаева болмыс ізденісі мен жазу ісін отарсыздандыру арасындағы байланыс туралы айтты.
Эльмира баршаны Қазақстан тарихының қиын кезеңдерін бастан өткерген аналар мен әжелердің тарихын да қамтитын шежірені кеңейтуге шақырады.
Тарихшы-медиевист Жақсылық Сәбитов Қазақстандағы тарихи мифтер феномені туралы сөз сөйледі.
«Тарих ғылым ретінде дамыған сайын мифтер тарихи шындыққа сай өзгереді. Әсері мен ықпалы да қазіргіден гөрі төмен болады» деген сенімде ғалым.
Қазақ гастрономиясының даму болашағын ресторатор Мұхтар Тойбазаров ашып берді. «Қазақшаны сәнге айналдыру керек! Ал қазақ тағамдары осы үрдістің бір бөлігіне айналуы тиіс», – дейді Мұхтар.
Конференцияның екінші кезеңін Қазақстандағы донорлық және трансплантация тақырыбы бойынша мәселе көтеріп жүрген журналист және автор Оксана Акулова жалғастырды. Оксана продюсер Қайрат Нұрмұғамбетов және режиссер, фототілші Қанат Бейсекеевпен бірге «Күту тізімі» деректі фильмін түсірген болатын.
Адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың маңызын баяндайтын туындыны TEDxAstana қатысушылары бірінші болып көрді.
Конференцияның кезекті бөлімінде жас буынға арналған «Сананы отарсыздандыру» саяси перформансы қойылды. Идея авторлары актер Анатолий О мен режиссер Татьяна Ким визуал сторителлинг саласындағы әлемдік мультимедиялық жобалармен айналысады.
Әлеуметтанушы, Назарбаев Университетінің докторанты Камила Ковязина білім берудегі теңсіздік жайлы айта келе, сапалы білімнің маңызына тоқталды.
Төртінші сессияны Саяси шешімдер орталығының директоры Шалқар Нұрсейіт бастап, Қазақстандағы қазіргі саяси коммуникация әдістері туралы сөз қозғады.
Мектеп оқушылары, әлеуметтік блогерлер, балалар құқығын қорғаушылар, «Қазақстан жастар кеңесі» қозғалысының құрылтайшылары Фатима мен Медина Майсар балалардың белсенділігі жайлы ой бөлісті.
Конференцияның қорытынды бөлімінде продюсер, Батырхан Шөкенов атындағы қор директоры Наргиз Шөкенова сөз сөйлеп, ұлттық аспаптарды қолданып музыка жазатын The Buhars әртістері шығармашылығын ұсынды.
Айта кетсек, TEDx – жаһандық TED қорының бүкіл әлемге таратуға тұрарлық идеяларды іздеуге бағытталған жобасы. Арнайы TED лицензиясын қажет ететін конференциялар әлемнің 3000-нан астам қалалары мен университеттерінде өтеді. Елордада TEDxAstana конференциясы энтузиаст-еріктілердің бастамасымен алтыншы рет өтіп жатыр.