Тбилисидегі жергілікті сайлау қақтығысқа ұласты: Наразылыққа шыққандар президент сарайына шабуылдамақ болды
Жергілікті сайлаудан кейін өткен наразылық акциясына қатысқандар Тбилиси орталығында полициямен қақтығысты. Демонстранттар президент сарайын шабуылдауға тырысып, кешен ауласына кірген. Полиция наразыларды тарату үшін су атқыш пен көзден жас ағызатын газ қолданды. Бұл туралы ВВС хабарлады.
Алматы, NEGE. Оппозицияның көптеген өкілдері биліктің саяси қарсыластарына қысым көрсетіліп жатқан кезеңде өткен сайлауға бойкот жариялаған. Алайда елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе билеуші “Грузин арманы” партиясының жеңіске жеткенін мәлімдеді. Кейін бұл мәліметті елдің Орталық сайлау комиссиясы растады.
Грузиядағы наразылық акциялары 300 күннен астам уақыт бойы жалғасып келеді. Олар 2024 жылғы қазанда өткен парламент сайлауынан кейін, билеуші “Грузин арманы” партиясының жеңісінен соң басталған.
Оппозиция билікті заң бұзушылықтарға барды деп айыптап, сайлау нәтижесін мойындамаған және парламенттегі орындарынан бас тартқан.
Ал жаңа премьер-министр болып тағайындалған Ираклий Кобахидзе Грузияның Еуроодаққа кіру жөніндегі келіссөздерін төрт жылға кейінге шегеретінін мәлімдеді. Бұл шешім еуропалық интеграцияны қолдайтын грузиялық азаматтардың наразылығын күшейтті.
4 қазанда Тбилиси орталығында қайтадан он мыңдаған адам жиналды.
Акция бастапқыда бейбіт өтті. Алайда бір сәтте ұйымдастырушылардың шақыруымен наразылыққа шыққандардың бір бөлігі мыңдаған адам қатысқан митингіден президент сарайына қарай бет алды.
Бұған дейін сол жерде орнатылған сахнадан ұйымдастырушылар “ұлттық жиналыста” билікті грузин халқының қолына беру туралы декларацияны оқып берген еді. Қақтығыстар наразылардың бір бөлігі президент сарайының қақпасын сындырып, кешен ауласына басып кірген сәтте басталды.
Адамдарды тарату үшін арнайы жасақ су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды. Демонстранттар қорғаныс тұрғыза бастаған, кейін олардың кейбірінде өрт шыққан.
Грузия оппозициясының жетекшілерінің бірі, бұрынғы президент Саломе Зурабишвили наразылардың бұл әрекетін қатаң сынға алды.
“Президент сарайын басып алудың бұл пародиясын тек режимнің өзі ұйымдастыра алады, өйткені ол грузин халқының 310 күндік бейбіт наразылығын қаралау мақсатында жасалды”, — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.