Тәжікстанда мешіттерді кинотеатрға айналдыруда
Тәжік билігі елдегі көлемі жағынан екінші қалада орналасқан мешітті кинотеатрға айналдыру туралы тапсырма берген. Соғды облысының орталығы Ходжанд қаласындағы 5 000 адам сыятын «Нури Ислам» мешіті шағын кинотеатр ретінде жасақталуда.
Алматы, NEGE. Бұл туралы «Азия-Плюс» басылымы хабарлайды. Басылымның жазуынша, 2019 жылдың қорытындысы жайлы өткен баспасөз мәслихатында Соғды облысы мәдениет басқармасының төрағасы Бахтиёр Косимов 80 адамға арналған кинотеатрда барлық қажетті құрал-жабдық орнатылған көрінеді. Қазір қажетті бизнес-лицензия алу жұмыстары қалыпты.
«Фильм көрестуден бөлек, мұнда киносүйерлердің клубы болады. Адамдар кинодан кейін қалып пікір алмаса алады немесе фильм көреді. Еуропада осындай тәжірибе кең тараған, бұл саланың дамуы үшін аса маңызды», - деген Бахтиёр Косимов.
Кинотеатрды Наурыз мейрамының қарсаңында салтанатты түрде ашу жоспарланған.
Былтырғы жылдың соңында тәжік президенті Эмомали Рахмон халықты мешіт салудан бас тартуға, оның орнына мектеп, аурухана тұрғызуға шақырған еді. Соңғы үш жылда тәжік билігі қажет құжаты жоқ деген уәжбен елдегі 2 мыңға жуық мешітті жауып тастаған. Жергілікті басылымдардың жазуынша мешіттердің ғимаратын мейрамхана, балабақша, тігін фабюрикасы орындарына айналдырады.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның дінге көзқарасы ауық-ауық өзгеріп тұрады. Ол жыл сайын лаңкес деген айыппен дін өкілдерін қудаласа, екінші жағынан 2016 жылы отбасымен бірге Меккеге қажылыққа барып келген еді.