«Суды ысырап етуге жол бермеу керек»: Тоқаев су тапшылығына қатысты талап қойды

Қазақстанда ауызсуды мақсатсыз пайдаланатындарға, соның ішінде көлік жуу орындарында таза суды ысырап ететіндерге бақылау күшейтілуі мүмкін. 

pinterest.com

Астана, NEGE. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында су тапшылығына тоқталып, мәселені шешу жүйелі әрі батыл шараларды қажет ететінін атап өтті. Сол себепті Үкімет пен әкімдіктер су тұтынуды бақылауды күшейтіп, желілердегі шығынды азайтуы тиіс.

«Ең алдымен, қазіргі жағдайда құндылығын асыра бағалау қиын су ресурсын ұтымды әрі үнемді пайдалану қағидаттарын барлық жерде енгізу қажет. Үкімет пен әкімдіктер су тұтынуға бақылауды күшейтіп, желілердегі шығынды азайтып, ауызсуды мақсатсыз пайдалануға, атап айтқанда, автокөлік жуу орындарында ысырап етуге жол бермеуі керек», – деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, су өзінің нақты құнына сай бағалануы тиіс. 

Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет су тұтыну саласындағы тарифтік реформаны бастады. Президент реформаны соңына дейін жеткізуді тапсырды.