«Таза Қазақстан»: Қошқарата жағалауы қоқыстан тазартылып жатыр
Қошқарата өзенінің жағалауы эковолонтерлердің жіті бақылауында. Күн сайын мұнда шамамен 6 мың адам келіп шомылады. Жауапты мамандардың айтуынша, демалушылардан кейін жағалауда көп мөлшерде қоқыс қалып отырады.
Шымкент, NEGE. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында волонтерлер өзен бойындағы қалдықтарды жинап, ағаштар мен бұталарды ретке келтірді.
Аптап ыстықта Қошқарататаға келушілер саны айтарлықтай артады. Апта ішінде күніне 6 мыңға жуық адам шомылса, демалыс күндері бұл көрсеткіш екі есеге дейін өседі.
Мамандардың айтуынша, демалушылар көбейген сайын қоқыс көлемі де артып келеді. Сол себепті тұрақты тазалық жұмыстарына 20 қызметкер тартылған. Ал «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде тағы 20-дан астам волонтер көмекке келген.
«Демалушылардан қалған қоқысты тазарту жұмыстары күн сайын тұрақты түрде жүргізіледі. «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан кейін «Таза Өлке» жобасынан 23 адам, бізден 20 қызметкер жұмылдырылды. Жұмыстар жоғары деңгейде атқарылуда», – дейді Қошқарата учаскесінің жетекшісі Бауыржан Қаумешов.
Қала ортасын жайлы ету басқармасы бұл жұмыстар алдын ала бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар бекітілген жоспар бойынша өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда шамамен 50 акция өткізілді. Жыл соңына дейін тағы 150 шара жоспарланған», – дейді басқарманың бөлім басшысы Әуесбек Опабек.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласынан 25 мың тоннадай қоқыс шығарылған. Үшінші мегаполисте өткен сенбіліктерге 500 мыңнан астам тұрғын қатысқан.