Таяу Шығыстағы қақтығыс: ең қауіпті сценарий қандай?
Саясаттанушының айтуынша, Парсы шығанағы елдеріндегі қақтығыс ушыға қоймаса, онда еңбек етіп жүрген Орталық Азия азаматтарының жағдайы күрт өзгермейді. Алайда жаңа жұмыс мүмкіндіктері қысқаруы мүмкін.
Астана, NEGE. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов Иран төңірегіндегі ахуалдың Орталық Азия елдеріне ықпалы туралы пікір білдіріп, негізгі қауіп биліктің ауысуында емес, тұрақсыздықтың ауқымы мен ұзақтығында екенін айтты.
«Егер Иран төңірегіндегі жағдайды қарапайым тілмен айтсақ, Орталық Азия үшін негізгі мәселе биліктің ауысуында емес, оқиғаның ауқымы мен қанша уақытқа созылатынында. Біздің аймақ сыртқы ықпалдарға өте сезімтал. Әсіресе мұнай бағасының құбылуы мен көлік-логистика бағыттарының тұрақтылығы үлкен рөл атқарады», – деді сарапшы.
Саясаттанушының пайымынша, егер әскери шиеленіс жақын арада аяқталып, кең ауқымды соғысқа ұласпаса, мұнай бағасы көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстан мен Түрікменстанның экспорттық кірісі уақытша артады. Алайда жүк тасымалының құны өсіп, ішкі нарықтағы баға қысымы күшейеді, инфляция үдейді. Ал инвесторлар тәуекелден тартына бастайды. Нәтижесінде сыртқы капитал ағыны саябырсып, қаржылық түсімнің қысқару қаупі артады.
Ал энергия көздеріне тәуелді, яғни мұнай мен газды сырттан алатын Қырғызстан, Тәжікстан және ішінара Өзбекстан үшін ахуал анағұрлым ауыр болмақ. Импорт шығындары көбейіп, төлем теңгеріміне біршама салмақ түседі. Салдарынан ұлттық валюталары әлсірейді. Ал бұл өз кезегінде экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін.
Нұрмұхамедовтің сөзінше, егер Иранда билік ауысып, ел біртіндеп тұрақтанып, санкциялар алынатын болса, нарыққа иран мұнайы қайта оралады.
«Егер билік ауысып, Иран біртіндеп тұрақтанып, санкциялар алынатын болса, жағдай басқаша өрбиді. Нарыққа иран мұнайы қайта оралуы мүмкін, бұл бағаның төмендеуіне ықпал етеді. Мұндай жағдайда мұнай экспорттаушы елдердің бюджет кірістері азаюы ықтимал. Ал импорттаушы мемлекеттер үшін бұл тиімді болады: жанармай арзандап, инфляциялық қысым бәсеңдейді. Сонымен қатар Иран шетелдік инвестициялар үшін тартымды нарыққа айналуы мүмкін, бұл Орталық Азия елдері үшін капитал тартуда бәсекені күшейтеді»,– деді маман.
Ең алаңдатарлық сценарий ұзаққа созылған тұрақсыздық болып саналады. Мұндай жағдайда мәселе мұнайдың қымбат не арзан болуында емес, бағаның құбылмалы болуында. Маман баға өзгеріп тұрса, нарықта сенім азайып, экономикаға кері әсерін тигізетінін айтты.
«Бұдан да маңыздысы – логистикалық бағыттардың қауіпті жағдайға тап болуы. Иран – Орталық Азия үшін Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты порттарына шығатын маңызды оңтүстік дәліз. Егер бұл бағыттар тұрақсыз болса, сақтандыру тарифтері өседі, есеп айырысу қиындайды, жеткізу мерзімі ұзаруы мүмкін. Мұның бәрі саудаға кері әсер етіп, инвестициялық белсенділікті төмендетеді»,– деді ол.
Сарапшы Парсы шығанағы елдерінде еңбек етіп жүрген Орталық Азия азаматтарының жағдайына да тоқталып, ықтимал қауіптерді атады. Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Бахрейн және Сауд Арабиясында өзге өңірлерден барған мыңдаған мигрант жұмыс істеп жүр.
Сарапшының бағалауынша, бұл мемлекеттердің қаржылық қоры жеткілікті, қауіпсіздік жүйесі де берік. Сондықтан қақтығыс шектеулі сипатта болса, олар ең алдымен ішкі тұрақтылықты сақтауға күш салады. Мұндай жағдайда еңбек мигранттарының күнделікті тұрмыс-тіршілігі бірден өзгермеуі мүмкін.
Алайда жаңа еңбек келісімшарттарының саны қысқарып, ірі құрылыс жобаларының жүзеге асуы баяулауы ықтимал. Саясаттанушының сөзінше, жаппай эвакуациялау мәселесі тек соғыс ауқымды сипат алып, жағдай күрт шиеленіскен жағдайда ғана күн тәртібіне қойылуы мүмкін.
«Жаппай эвакуация тек ауқымды аймақтық соғыс болған жағдайда ғана мүмкін, бұл – ең шеткі сценарий. Қорытындылай айтқанда, Орталық Азия үшін басты сұрақ – «билік ауыса ма?» емес, «одан кейін тұрақтылық қаншалықты тез орнайды?» деген мәселе. Қысқа мерзімді дағдарыс уақытша табыспен қатар белгілі бір тәуекелдерге итермелейді. Иранның тұрақтануы – жаңа экономикалық тепе-теңдік қалыптастырады. Ал ұзаққа созылған бейберекет жағдай аймақ үшін жүйелік қауіпке айналуы мүмкін», – деді Бөріхан Нұрмұхамедов.
Сарапшының пайымынша, Орталық Азия үшін шешуші фактор – геосаяси оқиғалардың өзі емес, сол өзгерістерге икемделу жылдамдығы. Аймақ елдерінің экономикалық беріктігі мен сыртқы тәуекелдерге төзімділігі алдағы кезеңде сынға түспек.