30 сентября 2025 г. 9:29

«Тәуекелдерге әкелуі мүмкін» – Бас прокуратура мен Жоғарғы сот Назарбаевтардың заңсыз мүлкін жария етуден НЕГЕ бас тартты?

Фото: ғаламтордан

Өткен аптада Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың активтеріне қатысты іс сотта қаралып жатқаны, оның үстінен Активтерді қайтару жөніндегі комитет шағым түсіргені белгілі болған.

Осы іске қатысты NEGE порталы Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Н.Сүйіндіковтің және Жоғарғы сот төрағасы А.Мерғалиевтің атына ресми сауал жолдағанбыз.

Активтерді қайтару жөніндегі комитеттен мынадай жауап келді: «Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Комитет) Сіздің сұрауыңызды қарады. Бүгінгі күні бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Н.Б.Назарбаевқа қатысты азаматтық істің қаралуы жөнінде ақпарат таралған. Алайда, белгілі болғандай, Комитет өз қызметін «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) талаптарына сәйкес жүзеге асырады.

Заңның 8-бабына сәйкес активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган және комиссияның мүшелері алынған мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл аталған ақпараттың таралуы шектеулі деректерге жататынын білдіреді, себебі оны жария ету беделдік, инвестициялық және өзге де тәуекелерге әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, Комитеттің жұмысы заңмен қорғалатын деректерді сақтау жөніндегі шектеулерді ескере отырып, тұрақты негізде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады. Осыған байланысты, қосымша толық ақпарат алу үшін Сіз сот органарына жүгінуге құқылысыз. Басқарма бастығы – Аппарат басшысы М.Төлегенов».

Фото: NEGE

Ал Жоғарғы сотқа жолданған ресми сауалға берілген жауап тым қысқа болды. ҚР Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша департаментінің бастығы Е.Жұмақсанов былай дейді:

«Сіздің 2025 жылғы 23 қыркүйектегі № ЗТ-2025-03303199 сұрау хатыңыз бойынша, аталған мәселеге байланысты келесіні хабарлаймыз:
«Мемлекетке заңсыз иеленілген активтерді қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету талабына орай толық ақпаратты жария ету мүмкін емес.

Осыған байланысты өзге де деректер жария етуге жатпайды».

Фото: NEGE

«Мемлекетке қайтарылған активтер туралы дерек ашық болуы керек» деген қоғам талабы әлі күнге ескерілмей келеді. Әсіресе, заңсыз активтердің иелері кімдер екенін және олардың қандай мүлік-мүкаммалы бар екенін өте құпия ұстау күдік туғызады.

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауы өзгеретінін айтты. Бәлкім, атауы өзгерген соң комитет ашық жұмыс істейтін болар? Өйткені сыртқы тәуекелдер ғана емес, ішкі тәуекелдер де маңызды екенін түсінетін уақыт жетті.