Таудың «тәңірі» кім?

Алматының көрікті Көк

төбесі жекенің қолына өтуі мүмкін

Алматы әкімдігі мен жекеменшік компания осыдан 12 жыл бұрын жалға берілген Көктөбе үшін көпшілікке жар салмай, елеусіз, у-шусыз соттасып жатыр. Бизнесмендер төбені өз меншігіне алмақ болған. Судьялар басында кәсіпкерлерді қолдады, артынан әкімдікті жақтап шешім шығарады, одан кейін қайта айналып келіп істі кәсіпкерлердің пайдасына шешеді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенінен соттың өзі шатасып қалған сияқты («Кто хозяин горы?», «Время» газеті).

2004 жылы әйгілі Көктөбеде апат болуы мүмкін еді. Төбенің өн бойынан Алматының төтенше жағдайлар қызметі ұзындығы жүздеген, ал тереңдігі ондаған метр болатын үлкен жарықшақтарды тапқан. Түрлі зерттеу жүргізіліп, тау  жан-жағынан бекітіліп, саңылауларға бетон құйылды. Апаттың бетін қайтарғаннан кейін, жалдаушылары жиі ауысатын бірнеше мейрамхана ашылып, жұмыс істей бастады.

2006 жылы Алматы қаласының әкімдігі сол кезде шенеуіктер аузынан тастамайтын «мемлекет нашар менеджер» деген сылтаумен Көктөбенің биігін 49 жылға жалға алу құқығын әлдебір «Көк-Төбе паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берді. Осы уақыт жалпы ауданы 84,666 гектар жерге салынған инвестицияны ақтап алуға жеткілікті болатын.

Бір жылдан кейін жекеменшік компания жерді ұзақ уақытқа пайдалану құқығын сатып алып, оның ақысына бюджетке 318 704 000 теңге төледі. Араға тағы бір жыл салып, Алматы әкімдігінің қаулысымен жер учаскесінің мақсаты «Халыққа қызмет көрсету нысандары, қонақ үйлер, мейрамхана кешендері, аспалы жол, Көктөбе тауын абаттандыру және көгалдандыру, 79,0283 га парк аймағында құрылыс жүргізбей, тек ұйымдастыру және күтіп ұстау» болып өзгертілді. Бір сөзбен айтқанда, «Көк-Төбе паркі» ЖШС жыл сайын мемлекетке жалға алу ақысын төлей отырып, Көктөбеден жарты ғасырға жуық уақыт пайда көру құқығын алды.

Компания таудағы шаруасын дөңгелетіп әкетті. Қазір төбенің әр шаршы метрі компания мүддесіне жұмыс істейді. «Шолу дөңгелегі» аттракционы, бірнеше мейрамхана, хайуанаттар паркі, сувенирлер сататын сауда павильондарымен қатар, туристер мен тұрғындар көңіл көтеретін қызықтар жетіп артылады.

Бірақ фирмаға бұл аздық етті. 2017 жылы бизнесмендер әкімдікке шолу аттракционы, «Көк-Төбе» мейрамхана кешені, GRIL мейрамханасы және «Көк-Төбе Шатыр» банкет залы тұрған жер телімін жекеменшікке бер деген талап қойды. Әкімдік таудың бұл бөлігін кәсіпкерлердің жекеменшігіне беруден бас тарту туралы қаулы шығарған. Оның себебі, 1998 жылы бүкіл Көктөбе тауы жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін алған. Әкімдік бұл шешімді мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, ситуациялық сызбалардың әр сантиметрін зерделеген жер комиссиясының қорытындысы негізінде қабылдаған еді.

Ақырында «Көк-Төбе паркі» компаниясы сотқа жүгінді. 2018 жылдың 5 сәуірінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ералы БЕКБАЕВ әкімдікке өз қаулысының күшін бір айдың ішінде жойып, компанияға жерді сатып алу құқығын беруді міндеттейтін шешім шығарады. Сот өз шешімінде «жауапкер Көктөбенің заңмен қорғалатын аймақта орналасқаны туралы дәлел келтіре алмады» дегенді негіз етіпті.

Сол жылы қалалық соттың апелляциялық алқасы алғашқы сот сатысына мүлдем қарама-қарсы шешім шығарды. Апелляциялық алқа Алматы әкімдігінің әрекетін заңды деп таныды. Компания өкілдері бұл сотта аталған жер учаскелерінің ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кірмейтінін дәлелдей алмады. Заңнамаға сәйкес, мұндай телімдерді иеліктен шығаруға немесе бөлуге болмайды, сондықтан оларды мемлекеттік меншіктен жеке меншікке өткізу мүмкін емес.

Бірақ фирма мұнымен де тоқтамады. Енді олар Жоғарғы Сотқа кассациялық шағым түсірді. Өткен жазда Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Мейрамбек ТАЙМЕРДЕНОВ қалалық сот алқасының шешімін бұзып, істі басқа құраммен қайта қарауға Алматы қалалық сотына жіберді. Себеп мынау: бұған дейін істі қарау барысында төбенің бүкіл аумағына сараптама жүргізілмеген, қорғалатын табиғи аумақтардың нақты шегі анықталмаған. Жер өлшегіштер қателесуі мүмкін ғой, сондықтан қолына қарындашын алып, төбені тағы бір сүзіп шықсын... Міне, осындай «әділ соттың» тепкісімен тараптар қайтадан қырқысу үшін Алматы сотына оралды.

2019 жылдың 18 желтоқсанында судья Лилия КӨШЕРБАЕВАНЫҢ төрағалығымен қалалық соттың жаңа апелляциялық алқасы әкімдікке компанияға қажетті учаскелерді беруді міндеттеп, «Көк-Төбе паркі» ЖШС пайдасына шешім шығарды. Шешімнің мотиві біртүрлі еді. Соттың өзі Көктөбенің бүкіл аумағына комиссиялық сараптау жүргізуді ұйымдастыра алмады. Өйткені Алматы бойынша сот сараптамалық институтында мұндай кешенді зерттеу жүргізетін арнайы маман жоқ болып шықты. Тіпті жер кадастрының ақпараттық базасына да кіре алмайтыны анықталды. Ақыры сот одан оңай құтылудың жолын тауып, халыққа қызмет көрсету орталығының бір қызметкері мен қалалық урбанистика және жобалау басқармасының бір маманын шақырып, олардың пікірін тыңдайтын болды. Урбинистика маманы сотқа келген жоқ, орнына телімдердің нақты шекарасын анықтауға көмектеспейтін шұбалаңқы хат жіберген. Бірақ судья бұған да тоқтаған жоқ, мейрамханалар мен аттракцион орналасқан жер учаскелерін жеке меншікке бергеннен дүние бүлінбес деп есептеген сыңайлы.

Бір жағынан, «кәсіпкерлердің жұмыс істегені, азаматтарға қызмет көрсетіп, өзіне де, мемлекетке де пайда әкеліп отырғаны, салық төлегені дұрыс» деп ойлауға болады. Айтпақшы, «Көк-Төбе паркі» ЖШС 2018 жылы бюджетке 290 401 900 теңге салық төлеген.

Тек, түрлі сот сатысының неге түрліше шешім қабылдағаны түсініксіз. Ол шешімдер нақты дәлел мен зерттеулерге негізделген бе, әлде соқыр сенімнің нәтижесі ме?

Көктөбе мемлекеттік болсын, жеке болсын, ең басты сұрақ мынада: қаланың бір бөлігі Көктөбе етегіне қарай сұғынып жатыр, Шығыс айналма жолы да жақын. Жер көшу қаупін жыл сайын тексеріп, төбені кешенді түрде зерттеп тұру керек. Оны кім өз мойнына алады? Әкімдік пе, әлде «Көк-Төбе паркі» ЖШС ма?

Осы жағдайларды жан-жақты әрі объективті зерттеу үшін, редакция Алматы қалалық сотына ресми сауал жолдаған. Біз онда барлық сот отырыстарында төбенің қауіпсіздігі тексерілді ме, төтенше жағдай мамандарының тұжырымы бар ма, кәсіпкерлер қызметі жергілікті табиғатқа зиян тигізбей ме деген маңызды сұрақтар қойдық.

Сот жауабын бір ай бойы дайындап, ақыры қалалық сот төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан КАРАМАНОВ жауабында «маман сараптамасының негізінде  аталған жер учаскесі арнайы қорғалатын аймаққа жатпайтынын және коммерциялық мақсатта пайдалануға болатын ортақ жер теліміне де жатпайтынын, тіркелген мәртебесі мен құжаттары жоқ аумақ екенін» жазып, қалған сұрақтарға жауап беру сот өкілеттігіне жатпайды деп құтылыпты.

Сондай-ақ, ол Алматы қаласы әкімдігінің шағымы бойынша іс соттың кассациялық сатысында қаралатынын да айтыпты.

Асқар ЖАЛДИНОВ

Қазір оқып жатыр

Ер адам Алматы-Өскемен тасжолында жантүршігерлік жол апатынан аман қалды

Шахтинскіде газ баллоны жарылып, 8 адам зардап шекті

Қосшыда жол жиегінен сәбидің денесі табылды

Мейіржан Төребаев бостандыққа шықты