24 декабря 2020 г. 13:19

Таубаевтың ісі: «7» санының құпиясы неде?

Фото:

Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Тимур Басаровқа қатысты қылмыстық іс сотқа түсіп, сот іс жүргізудегі заңсыздықтарды жою үшін прокуратураға кері қайтарғанын бұған дейін жазғанбыз. «Время» газетінің тілшісі М.Козачков бұл істі індете зерттепті.

Басынан баяндайық. Атырау облысының Жылой ауданындағы Құлсары қаласында «Игілік» бағдарламасы бойынша аурухананың құрылысы басталған. Жобаның жалпы құны – 5,3 млрд теңге. Шығынды өңірдегі салық төлеуші ең ірі компания «Теңізшевройл» көтеріп алады. Міне, дәл осы аурухана әкімнің орынбасары мен басқарма бастығының «бас ауруына» айналған.

«Теңізшевройл» тендерді өзі өткізіп, салушыны да өздері табады. Қысқасы, әкімдік бұл шаруаларға араласпаған. Тендерді «Бекболатовтар Құрылыс Компаниясы» ЖШС ұтып алады, 3 тамызда келісімшартқа қол қойып, жұмысқа кіріседі.

Ал 2 қыркүйек күні ЖШС директорының орынбасары Айбек Тілемісов жемқорлықпен күрес қызметінің орталық аппаратына шағымданып, «әкімнің орынбасары Таубаев пен басқарма бастығы Басаров пара сұрап жатыр» деп арыз жазады. Бұл екеуінен бөлек Басаровтың орынбасары Нұржан Мырзаболатовты да көрсеткен. Дәлел ретінде Басаровпен біраз уақыттан бері жазысып жүрген хаттарын тіркепті. Бұдан әрі Антикор алақанын ысқылап кірісе кеткен. Тілемісовтің тұла-бойына жазу аппараттарын іліп, жоғарыда сөз болған «кейіпкерлерге» келіссөзге жібереді.

Тілемісов үшеуімен де кездеседі. Әкімнің орынбасары Таубаев тіпті оны көлігімен барар жеріне жеткізіп салады. Енді қалғаны – «қылмыс үстінде» қолға түсіру. Тимур Басаров Айбек Тілемісовпен кездесіп, «ақшаны беріп жатқан кезде» Антикор бас салады.

Басаровты басып қалған соң жемқорлықпен күресушілер бірден облыс әкімінің орынбасарына барған. Таубаев өзін не үшін ұстағанын түсінбей де қалған сыңайлы. Өйткені Басаровтың «ақшаны бастығым Таубаев алуы керек» деген сөзінен басқа бұлтартпас дәлел жоқ еді. Бірақ кейін Басаров бұл сөзінен бас тартып, Антикор қызметкерлері мен солар тауып берген адвокат өзін алдап соққанын мәлімдеді. Антикорлықтар «бізге қажетті түсініктеме берсең, саған қатысты істі тоқтатамыз» деп уәде берген көрінеді.

Антикор қызметкерлері Тілемісовті керек адамдарға жіберіп, сөздерін жазып алғанын жоғарыда айттық. Бәлкім, Таубаев тілінен тапқан шығар? «Егер іс қағаздарын мұқият оқып аудиофайлдарды құлақ қоя тыңдасаңыз, құрылыс компаниясы басшысынан әкімнің орынбасары ақша бопсалағанына күмәндана бастайсыз», – деп жазады тілші.

Тілемісов пен Мырзаболатов мандытып ештеңе айтпаған. Көр-жерді сөз қылады, Дикий Арманды, Лоту Гулиді сөз етеді. Ал Басаровпен кездескенде ол «ақшаны тездетіп беруді» айтып, әкімнің орынбасары атынан сөйлеп тұрғанын жеткізген. Яғни ақшаны Таубаев емес, Басаров сұраған. Ан енді Тілемісов Таубаевпен не туралы сөйлесті?

Бір көлікте бірге келе жатқанда Таубаев одан жобаның қалай іске асып жатқанын, құрал-жабдықтардың бағасын сұрайды. Мұнда күмән тудырған бір ғана мәселе бар. Ол Тілемісовтің мына сөзі: «Жетіге тоқтадық қой?». Міне, осы «жеті» санының негізінде қылмыстық іс құралған.

Айыптаушы тараптың пайымынша, 7 – аурухана құрылысы үшін қайтарылатын «откат» пайызы. «180 млн теңгеден астам пара алмақ болды» деген де осы жетіден алынған болуы мүмкін.

Таубаевтың өзі мұны басқаша түсіндіреді. Оның айтуынша, жеті – «откаттың» пайызы емес, ИВЛ аппараттарының саны. Атырау облысы коронавирустан қатты зардап шегіп, өкпені жасанды желдету аппараттары жетпей жатқан кезде Тілемісовпен сөйлескен. Тілемісов 7 аппарат алып беруге уәде еткен.

Антикор қызметкерлері атыраулық бизнесмендерді құлағынан тізіп, «Әкімнің орынбасары пара сұрады ма?» деп тергеген көрінеді. Алайда олардың ешбірі ондай түсініктеме бермеген.

Сот барысында Басаровтың аузынан басқа да кейіпкерлердің аты-жөнін естіп қалуымыз ғажап емес. Дегенмен де бұл істің тігісін жатқызатын тұстары әлі көп сияқты. Дауы мен дақпырты да аз болмайтын сыңайлы. Судья Зарема Хамидуллинаның істі прокуратураға кері қайтаруы да бекер деймісіз?..

Тегтер: