27 июня 2023 г. 14:35

Татар мен башқұрт этносы һәм қазақ мәдениеті

Фото:

Елімізде тамырын тереңге жайған этностың бірі – татар мен башқұрт. Бүгінде қазақ жеріне сіңісіп, өз отанындай көретін диаспора қай жағынан да даму үстінде. Бұған Астана қаласындағы «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының тыныс-тіршілігі айқын дәлел бола алады.

«Таң» татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығы қоғамдық бірлестігі 1994 жылдың тамыз айында ресми түрде тіркеуден өткен. Ал 2000 жылы көктемде қайта тіркелді. 2011 жылдың наурызында бірлестік атауы Астана қаласының «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы болып өзгертілді. Ресми мәлімет бойынша, Астанада 11 мыңнан астам татар-башқұрт этносы тұрады.

 Орталық төрағасы Рафик Валиевтің айтуынша, орталықты ашудағы мақсат – Қазақстан республикасындағы татар, башқұрт, қазақ және өзге халықтың мәдени және рухани жетістіктерін сақтау, мәдени-ағартушылық, қоғамдық, ғылыми және экономикалық қызметті іске асыру. Бұл қызметтің негізгі бағыттары қандай?

Атап айтқанда, татар мен башқұрт этносының шығармашылығын қолдау,  Татарстан мен Башқұртстан әріптестігін жан-жақты дамыту, татар мен башқұрт халқының үздік салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын нығайту, татар мен башқұрт халқының тілін, тарихын, әдебиетін, өнерін және қолөнерін оқуға қажетті жағдай жасау.

Бүгінгі таңда Қазақстанда өмір сүріп жатқан мыңдаған татар мен башқұрт ұлтының өкілдері бірлестікпен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Тіпті, Салих Ернеев Искандерұлы басшылық жасайтын Ақсақалдар кеңесі де бірлестік қызметінің дамуына ерекше ықпал етуде. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, аға ұрпақ өңілдеріне құрмет көрсету маңызды. Бұл кеңес қоғамдағы бірқатар ірі жобалардың бастамашысы ретінде де танылып, жемісті түрде жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек бірлестік жанынан құрылған жексенбілік мектеп татар мен башқұрт халқының тарихын сақтап қалуға атсалысады. Жексенбілік мектептің басшысы Ришад Михалевтің айтуынша, мұнда ұстаздар өскелең ұрпаққа татар мен башқұрт халқының ана тілін оқытып, екі ұлттың салт-дәстүрі жайлы дәріс оқиды. Жастарға қолөнер бұйымдарын жасау, көркемөнер және қолданбалы өнер бойынша да үйрететін курстар бар.

Ал татар мен башқұрттың шығармашылық мұрасы тұрғысынан құрылған «Дуслык» фольклорлық ансамблі бірқатар қалалық, республикалық байқауда лауреат атанып, топ жарғанын айта кету керек. Бұл шығармашылық ұжымға  жетекшілік жасайтын Гүлназира Ғалиқызы ұлттық ән-би арқылы татар мен башқұрт этносының өнерін, мәдениетін дамытып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Соңғы кезде қарқынды жұмыс істеп келе жатқан жастар кеңесінің тыныс-тіршілігіне тоқталсақ, кейінгі ұрпақ өз  халқының тарихы мен мәдениетіне аса ұқыптылықпен қарап, насихат жұмыстарын нәтижелі жүргізіп жүр. Мұнда  жас ұрпақты ортақ іске жұмылдыру мақсатында түрлі тақырып бойынша пікір алмасулар мен кездесулер жиі өтеді.

Тағы бір айрандай ұйып отырған кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Наиль Фаридұлы Нұров әркез әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асуына қаржылай демеушілік жасаса, Әйелдер кеңесі аналар мен бойжеткен аруларды мазалаған түрлі сауалдарға жауап беріп, түйткілдерді шешуге көмегін тигізеді.   

Мұса Жәлел, Ғабиден Тоқай және қазақ руханияты

Астанада наурыз айында татар ақыны, Кеңес одағының батыры Мұса Жәлелдің 117 жылдығына арналған ұлағатты кеш өтті. Бұл музыкалық-поэтикалық кеш Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстандағы Татарстан Республикасының Өкілетті өкілдігінің қолдауымен және «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі және «Каюм Насири институты» ғылыми-білім беру орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Ақынның өмір жолы туралы баяндама жасалып, оның өлеңдері Ассамблея жанындағы этномәдени бірлестіктердің белсенділері мен шығармашылық ұжымдарының көмегімен қазақ, татар, беларусь, армян және басқа тілдерде орындалды.

Сондай-ақ, екі жыл бұрын Халықаралық Түркі академиясы татар халқының классик ақыны Ғабдолла Тоқайдың 135 жылдық мерейтойына арналған «Ғабдолла Тоқай және Түркі әлемі» атты халықаралық конференция өтіп, екі жақтың зиялы қауым өкілдері ақынның рухани мұрасы мен шығармашылығы жайында пікір алмасты.

Ғабдолла Тоқай шығармашылығының түркі әлемінде алатын орны туралы сөз алған ғалымдар «Ғабдолла Тоқайдың мерейтойы бауырлас Татарстан жұртшылығы үшін ғана емес, бүкіл түркі халықтары үшін де айтулы оқиға» деген баға берген болатын.

Татарлар – той-думанға жақын халық

Қазақстанда жұмыс істейтін 820 этномәдени бірлестік ішінле «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының алатын орны ерекше. Этнос өкілдері түркі жұртының төл жаңа жылы – Наурыз мейрамын асыға күтеді. Ұлттық киімін киіп, татар тағамдарынан тұратын дастарқанын жайып, ұлттық мерекені ұлықтап, бір-бірінің үйіне кіріп, қауышып, мәз болысады. Бір жағынан қазақтың көрісу дәстүріне де ұқсайды. Бір ерекшелігі, татар халқы бұл күні Қыдыр атаны емес, Наурыз бикені күтеді екен.

Ауыл-аймақтағы ақылына  көркі сай әдемі келіншекті Наурыз бикеге теңейді. Ол – сұлулықтың, табиғаттың символы. Молшылық пен құт-берекенің бастауы саналған  Наурыз бике бәрімен аман-саулық сұрасады. Жиналғандар дәм татпас үшін билеп те алады.

Ал ұлттық тағамдарына келсек, «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының мүшесі Ғалия Рахматуллинаның пікірінше, татарларда айран да, құрт та бар. «Негізінен дастарқанға тауық етінен жасалған тағам қоямыз. Татар халқының барлық салт-дәстүрі сақталып, дамып келеді. Ұлттық мерекеміз «Сабантойды» да өз деңгейінде атап өтеміз», – қоғамдық бірлестік мүшесі.

ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне енгізілген Сабантой мейрамы тамырын тереңнен алады. Бұл адамзатты ынтымақ пен бірлікке, татулыққа үндейтін мереке. Татар және башқұрт халқының қонақжайлылығын көрсететін Сабантойдың басты символы – «чак-чак» тағамын ұсыну. Олар ұлттық дәм достық пен келісімге шақырады деп санайды. Одан бөлек дәстүрлі мерекеде басқа да этномәдени бірлестік өкілдері халық әндерін айтып, биден шашу шашады.   

Тегтер: