Тасымалдаушының «көмегіне» жүгінген алматылық 60 млн теңге шығынға ұшыраған
Соңғы кезде автокөліктер мен түрлі жүктерді тасымалдау кезінде алаяқтық фактілері жиілеген.
Астана, NEGE. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қаскөйлер қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін Della және Fa-Fa.kz сияқты сервистерді пайдаланады.
Осы сервистерге олар автокөліктер мен жүктерді Алматы қаласы мен Алматы облысынан Қазақстанның басқа өңірлеріне жеткізу жөнінде хабарландыру жариялайды. Хабарландыру шықаннан кейін алаяқтар тапсырыс берушілермен және жүргізушілермен WhatsApp мессенджері арқылы байланысқа шығады.
«Бұл ретте тапсырыс берушілерге өздерін тасымалдауды ұйымдастырушы немесе жүргізуші ретінде таныстырса, жүргізушілерге өздерін жүк иесі ретінде көрсетеді. Екі тараптың да сеніміне кіргеннен кейін тасымалдау шарттары жөнінде келісім жасайды. Алматы қаласынан шыққаннан кейін алаяқтар ұрланған автокөлікті немесе жүкті басқа көлікке ауыстырып тиеп, оны өз қалауларынша пайдаланады», – делінген ІІМ хабарламасында.
Осындай жағдайлардың бірі таяуда Алматы қаласында тіркелді. 7 маусымда қала тұрғыны полицияға қымбат автокөлігі ұрланғанын айтып, арызданған. Айтуынша, екі күн бұрын белгісіз тұлғалар оны алдап, көлігін қолды қылған және 60 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Полиция қызметкерлері ұрланған автокөлікті тауып, заңды иесіне қайтарған.
«Қылмыс жасады деген күдікпен үш адам ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы мен басқа да сыбайластардың қатысы бар-жоғы анықталуда», – деп хабарлады полицейлер.
Ведомство өкілдері мұндай қылмыстың алдын алу мақсатында мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
- жүргізушінің жеке куәлігін және көлік құжаттарын мұқият тексеру;
- тасымалдаушының телефон нөмірін хабарландыруда көрсетілген нөмірмен салыстыру;
- жүру бағыты мен жеткізудің соңғы нүктесін алдын ала жеке талқылау;
- интернеттен тасымалдаушы мен жүргізуші туралы пікірлерді зерделеу.
Полицейлер күмән туғызатын жағдайлар анықталса, дереу 102 нөміріне хабарлауға немесе жақын жердегі криминалдық полиция бөліміне жүгінуге кеңес береді.