Ташкентте Қарағандыдан барған 15 жас футболшы астан уланды деген күдікпен ауруханаға түсті

Ташкентте футбол жарысына қатысуға барған Қарағандының жас футболшылары жаппай ауырып қалды. Ата-аналардың айтуынша, 31 қазанда қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін балалардың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Бір тәулік ішінде 15 бала сырқаттанған.

denis_denski/Instagram

Астана, NEGE. Ал таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз бала ауырмаған. Осыған байланысты ата-аналар балалар астан уланды деп топшылап отыр. Алайда әзірге аурудың себебі ресми түрде нақтыланған жоқ.

Қазір ата-аналар аурудың нақты себебін анықтап, балаларға тиісті ем тағайындауды және оқиғаның мән-жайын объективті тексеруді талап етіп отыр. Алдын ала «улану» диагноз қойылғанымен, зертханалық талдау нәтижелері әзірге жарияланған жоқ.

Соңғы мәлімет бойынша, сырқаттанған балалар жатқан ауруханаға Қазақстан консулы мен Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары барған. Олардың айтуынша, балалардан ПТР-тест тапсыру үшін сынама алынып, нәтижесі 12 сағат ішінде дайын болуы тиіс.

Сондай-ақ ата-аналардың шағымынан кейін балаларды басқа медициналық мекемеге ауыстыра бастады.

Ал қонақүй басшылығы ауырмаған балалар мен олардың ата-аналарына Астанаға қайту үшін әуе билеттерін брондап жатқаны белгілі болды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ташкент қаласында өтіп жатқан Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне барған бірнеше баланың денсаулығы кенеттен нашарлағанын растады.

«Көмекке мұқтаж барлық Қазақстан азаматы Өзбекстан Республикасының мамандандырылған медициналық мекемелеріне жатқызылды, оларға қажетті дәрігерлік көмек көрсетілуде», – деп хабарлады СІМ өкілдері.

Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар балалардың туыстарымен және медициналық мекемелермен байланыс орнатып, бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап отырғаны мәлім болды.