Ташкентке жарысқа барып, ауруханаға түскен жас футболшылар елге оралды

Ташкентте астан уланып, ем алған қарағандылық жас футболшылардың барлығы ауруханадан шығып, Қазақстанға оралды. Балалар Өзбекстанға Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысуға барған.  

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі

Астана, NEGE. Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің мәлімдеуінше, екі елдің денсаулық сақтау министрліктерінің үйлесімді іс-қимылының арқасында балаларға уақтылы медициналық көмек көрсетілген. Балалар №5 қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алған. Кейін олардың елге қауіпсіз оралуы қамтамасыз етілген. 

Жас спортшылардың ата-аналары көрсетілген қолдау үшін елшілікке, сондай-ақ Ташкент қаласының әкімдігіне, қалалық денсаулық сақтау басқармасына және медицина қызметкерлеріне кәсібилігі, ықыласы мен қамқорлығы үшін алғысын жеткізді.

Еске салсақ, 31 қазанда Ташкенттегі қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін балалардың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Бастапқыда бір тәулік ішінде 15 бала сырқаттанғаны хабарланған. Алайда елшілік ауруханаға Қазақстаннан барған 18 адамның жатқызылғанын, оның ішінде он екі бала және алты ересек бар екенін мәлімдеді.

3 қарашада қажетті емдеу курсынан өтіп, денсаулық жағдайының жақсаруына байланысты алғашқы алты бала мен төрт ересек адам ауруханадан шығарылды.