Ташкент әкімі нан пісірмейтін әйелдер онкологиялық ауруларға ұшырайтынын айтты

Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаев тандыр нан пісірмейтін әйелдер онкологиялық ауруларға ұшырайтынын айтты, – деп жазады Kun.uz басылымы. 

Ташкент облысының әкімдігі

Астана, NEGE. Оның айтуынша, қазір әйелдер тандыр нан пісірмейтін болған. 

«Махалларға (ауылдарға) шыққанда көретініміз – тандыр жоқ. Нан пісірмейді. Бұрын жүгері ұнын, қара бидайды араластырып, ерекше болып шығатын қара бидай нанын пісіретін. Қазір ерлерді де ашытқымен жасалған наубайхана нанына үйретіп қойды, – дейді әкім.

Айтуынша, ол Самарқандта жұмыс істеген кезде корей делегациясы келіп, әйелдердегі онкологиялық аурулардың өсу себептерін зерттеген. Сөйтіп делегация 7–8 факторды атаған. 

«Бірінші орында – қимыл-қозғалыстың аздығы. Төртінші фактор – тандырда нан пісіруден бас тарту. Тандырда нан пісіретін әйел ракпен ауырмайды», – деді Мирзаев.

Оның сөзінше, әйел тандырға жақындағанда, дене қызады, содан кейін қан айналымы екі есе жылдамдайды, бұл жылдамдық тамырларды тазартатын көрінеді.