19 сентября 2022 г. 18:50

Тарихи күнде ақсақалдар бас қосты

Фото:

Бүгін Сәтбаев Университетінде «Ақсақалдар алқасының» отырысы өтті.  Бұл отырыстың негізгі себебі – «Ақсақалдар алқасы» мен  «Кәсіподақ ұйымына» ортақ заманауи тұрғыда жасалынған жаңа кабинеттің ашылуы тарихи күнмен тұспа-тұс келуінің маңызы зор.   

Алматы, NEGE. Алқалы жиынға қатысқан Сәтбаев Университетінің ректоры М. Бегентаев ардагерлер алқасының мүшелеріне өзінің ақжарма тілегін арнап, сөз сөйледі. Одан соң Басқарма мүшесі-Корпоративтік  даму стратегиялық  жоспарлау жөніндегі проректоры Е.Көлдеев оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында баяндама жасады. Бұдан кейін кәсіподақ ұйымының төрайымы Өмірзақова Шолпан Медетбекқызы сөз алып, ардагерлерді құттықтады.

«1934 жылдың 19-қыркүйегі институт тарихында атаулы күн болды, алғашқы қоңырау соғылып, алғашқы оқу жылы басталды. Аудиториялар мен зертханаларға 146 студент, 16 оқытушы: 5 профессор, 7 доцент, 4 ассистент кірді. Институттың тұңғыш директоры қызметіне Орал-Қазақстан өнеркәсіп академиясын үздік бітірген, Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған, Риддер қалалық партия комитетін басқарған, қазақ инженер-техникалық интелегенциясының алғашқы өкілдерінің бірі 28 жастағы Әшір Жанәліұлы Бүркітбаев тағайындалды. Ол асқан қажырлылық, табандылық, шебер ұйымдастырушылық қабілеттерін таныта отырып, дүниеге жаңадан келген оқу орнының аяғынан қаз тұруына, күш-қуат жинап, ілгері басып кетуіне аямай тер төкті. Білікті ұстаздар құрамын қалыптастыру, техникалық оқу орны үшін ең негізгі болып табылатын зертханаларды ұйымдастырып, жабдықтау, ғимараттарды жөндеу, кеңейту, өндіріс орындарымен тығыз байланыс жасау, одақтағы ірі техникалық оқу орындарымен қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасу сияқты істерді дәйектілікпен жолға қойды».

Ә.Ж.Бүркітбаевты ерекше толғандырған мәселе – техникалық оқу орнына қазақ жастарын тарту болды. Осы мақсатта мемлекеттік оқу басқармасының рұқсатымен 6 және 7 сыныптық білімі бар жастар үшін арнайы дайындық курстарын ұйымдастырды. Соның нәтижесінде алғашқы оқу жылдарында 19 қазақ жасы студент аталды. Ә. Бүркітбаевтың шақыруымен Мәскеудегі тау-кен институтының түлегі М.Х.Мамыров, Мәскеудегі Бауман атындағы жоғары техникалық училищесінің түлегі Х.Т.Бектасов оқытушылық қызметке келді. Ал аса көрнекті қайраткер, Томск политехникалық институтының түлегі, тұңғыш қазақ математика профессоры, тұңғыш жоғары математика оқулығының авторы, бірнеше европалық тілдерді меңгерген ғалым-ұстаз Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың Ә.Бүркітбаевтың шақыруымен институтқа орналасып, студенттерге дәріс оқуы аса елеулі уақиға еді. Ұлттық инженер-техникалық интеллигенциясын тәрбиелеудің бастауында осындай асыл азаматтардың тұрғанын, біз бүгінде ерекше құрметпен атап өткеніміз абзал, – деп атап өтті «Ақсақалдар алқасының төрағасы, профессор Ұлықпан Сыдықов.

Ардагерлер оқу корпусын аралап, арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Университет басшысы М. Бегентаев ардагерлерге кішігірім естелік ретінде сый-сыяпат жасады.  Университет туралы қызықты әсерлерімен бөлісіп, студенттердің орындауындағы «Досмұқасанның» әндерін тыңдады. 

Тегтер: