2 ноября 2025 г. 1:29

Тараздағы «Түнгі тендер»: депутат компаниясымен келісімшарт бұзылды

Фото: Мәжілістің YouTube-арнасынан

Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сәйкес, Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәліге тиесілі BESupply компаниясымен жасалған 287 млн теңгелік келісімшарт бұзылған.

Астана, NEGE. Telegram-дағы «Путешествие по госзакупкам» арнасы алғаш болып бұл жағдайға назар аударған. Біз тексеріп көрдік. Шынымен, мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сәйкес, Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәліге тиесілі BESupply компаниясымен жасалған келісімшарт 22 қазан күні қосымша келісім арқылы тоқтатылған. Келісімшарттың бұзылу себебі «тараптардың өзара келісімі бойынша және келісімшартты одан әрі орындау орынсыз болған соң» деп көрсетілген.

Яғни, келісімшарт 22 қазанда-ақ күшін жойған. Алайда 29 қазанда Nege.kz тілшісіне Әбутәліп Мүтәлі компания «шараны орындау үстінде» екенін айтқан. Сондай-ақ ол депутат болып сайланғаннан кейін фирманы сенімгерлік басқаруға өткізгенін және бұл өтінімнің Әділет министрлігінде қаралып жатқанын мәлімдеген.

Еске салайық, Жамбыл облысында 287 млн теңгеге «Мекеме» ақпараттық жүйесін сүйемелдеу қызметін сатып алуға конкурс жарияланған. Байқауда BESupply жеңіске жеткен. Бұл тендер біраз күмән туғызды. 

«Электрондық қаржы орталығы» АҚ бізге берген жауабында былай түсіндірді: тендер алғаш рет 2 қыркүйекте жарияланып, өтінімдер 4–11 қыркүйек аралығында қабылдануы тиіс болған. Алайда 4 қыркүйекте камералдық бақылау конкурс құжаттарынан қателіктер тауып, оларды түзетуді талап еткен. 8 қыркүйекте ұйымдастырушылар қажетті өзгерістер енгізген соң, жүйе жаңа хабарландыру жасап, өтінім қабылдауды 9–16 қыркүйек аралығында ашу жоспарланған. Бірақ ішкі мемлекеттік аудит түзетулерді тек 16 қыркүйекке қараған түні растағандықтан, процесс кешігіп, өтінімдер тек түн ортасынан таңға дейін қабылданған.

Нәтижесінде конкурсқа бар болғаны екі компания қатысқан. Жамбыл облысы әкімдігі кейінірек тендерге қатысушылар арасында сөз байласу белгілері анықталмағанын хабарлады.