Тараз қаласының әкімі ауысуы мүмкін

Бүгін Тараз қаласының әкімі ауысуы мүмкін. Бұл туралы өңірдегі тұрақты оқырмандарымыздың бірі хабарлады.

Тараз, NEGE. Кеше Тараз қаласы әкімдігінің активімен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала әкімі Айтқазы Қарабалаевты қатты сынады.

«Тараздың әкімдігі ұйықтап жатыр, қашан оянатыны белгісіз. Қызыл сызықты бұзу әдеттегі шаруаға айналды. Құрылыс тортоуарға шығып кетті. Сондықтан халықтың наразылығы заңды. Аялдамалардың жағдайына қараңдаршы. Төбесін жауып, орындық қоюға болмай ма? Мен мұны қаланың әкіміне бірнеше рет айттым, қозғалған жоқ. Мұның бәрі жауапты тұлғалардың тарапынан бақылау болмауының салдары», – деді Б.Сапарбаев.

Қала әкімі Қарабалаев «кадр тапшы» деген уәж айтып көріп еді, облыс әкімінен одан да ауыр сөз естіп қалды: «Кадр мәселесімен әкім айналыспағанда кім айналысуы керек? Бес айда өзіне дұрыс орынбасар таба алмаған ол қандай басшы?».

Б.Сапарбаев қала әкіміне «Сіздің жұмысыңызға жартыжылдықтың қорытындысы бойынша баға береміз» деген. Алайда облыс әкімі айнып қалған сияқты. Жартыжылдық нәтижесін күтуге шыдамы жетпесе керек, сірә.

Оқырманымыздың айтуынша, бүгін-ертең Тараз қаласына жаңа әкім тағайындалады. «Кім келуі мүмкін?» деген сұрағымызға: «Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек келуі мүмкін. Сапарбаев кадрды сырттан әкелуі де ғажап емес», – деп жауап берді.   

Қанатбек Мәдібек өткен жылы наурызда Жамбыл облысы Сарысу ауданының әкімі болып тағайындалған. Әр жылдары облыс әкімдігінде аппарат басшысының орынбасары, Энергетика министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшысы қызметін атқарған.

Қазір оқып жатыр

Алматыдағы жол апаты: қала әкімі бір аптадан кейін көңіл айтып, полицияға тапсырма берді

26 наурыз – Халықаралық Арал күні болуы мүмкін

Халықаралық әріптестік нәтижесінде киберқылмыс деңгейі 4 пайызға төмендеді

Алматыда науқастың ұлы жедел жәрдем қызметкерлерін пышақпен қуған