«Таныс болыңыздар – Барбарис»: Бағдат Мусин Арсен Томскийге ерекше сый жасады
InDrive компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Арсен Томский үйлену тойына «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Мусиннен ерекше сыйлық – жеті жасар асылтұқымды жылқы алған.
Астана, NEGE. Кәсіпкер желіде Мусиннен сыйға алған жылқысын мініп түскен суретін жариялады.
«Тойда әдетте конвертке ақша салып сыйлайды. Ал Қазақстанда ат сыйлайды! Танысып қойыңыздар – Барбарис, жеті жасар асылтұқымды жылқы», – деп жазды Томский Threads-те.
Сондай-ақ ол бірнеше жылдан бері жеке көлігі жоқ екенін, inDrive-пен және жалға алынған көліктермен жүргенін айтып, әзілдейді.
«Енді жеке көлігім бар. Тарифі: сәбіз бен алма», – дейді InDrive басшысы.
Еске салайық, байлығы 865 миллион долларға бағаланатын Арсен Томский мен қазақстандық Камила Лұқпанованың үйлену тойы 15 тамызда Ыстанбұлда өтті. Тойға Бағдат Мусин жұбайымен шақырылған.