Танымал әншінің отбасы карантинде той жасады

Желіге танымал қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза Төреәлінің тойынан видеолар жарияланды. Полиция ұйымдастырушыларды анықтады.

Алматы, NEGE. Фариза Төреәлі былтыр спортшы Дархан Нортаевтың үйлену туралы ұсынысын қабылдаған болатын. Осы жылдың мамырында мұсылманша неке қию рәсімі өтті. Той карантинге байланысты кейінге қалған еді.

Өнерлі отбасы карантин шараларының толықтай алынып тасталуын күтпестен, тойды дүркіретіп атап өткені белгілі болды.

Инстаграм әлеуметтік желісінде танымал әнші Мақпал Жүнісова тойдан түсірілген видеоны жариялады. Ол тойдың үйде болғанын, сондықтан аяқ-киімді шешіп қойып, билегендерін жазған.

Тағы бір видеоны орналастырған әнші Төреғали Төреәлінің қарындасының салтанатты кешінде болғанын, жас жұбайларға бақыт тілейтінін жазыпты. Видеоға қарағанда той Алматыдағы «Svetlana modern cuisine» мейрамханасында болған. Білетіндер бұл мейрамхананы белгілі кәсіпкер, елбасының інісі Қайрат Сатыбалдыға тиесілі екенін айтады.  

Бейнежазбаларға Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінің ресми өкілі түсінік берді.

«Кеше Алмалы ауданының жергілікті полиция қызметкерлері ұйымдастырушыларды анықтады. Барлық материал жиналып, шешім қабылдау үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің санинспекторларына тапсырылды. Юрисдикцияға сәйкес олар хаттама толтыруға құқылы», – деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Қазір оқып жатыр

Айды зерттеу – Қазақстан ғылымының жаңа бағыты

Астанада көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 3 бала қаза тапты

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады

«Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі»: Тоқаев Мирзиеёвтің бастамасын қолдады