Тамызда теңге бағамына қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

Ұлттық банк Қазақстанның валюта нарығы бойынша ай сайынғы ақпарттық талдауын жариялады. Орталық банк мәліметінше, шілде айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 473,81 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайды.

gov.kz

Астана, NEGE. Сондай-ақ, банк ақпаратынша, Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда көлемі 369 млн доллардан 389 млн долларға дейін өсті. Жалпы сауда-саттық көлемі 8,6 млрд доллар болған.

Ұлттық қордан шілде айында биржа арқылы 200 млн доллар сатылған. Бұл жалпы сауда көлемінің 2,3%-ына тең. Сонымен қатар республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк Ұлттық қордан 500 млн доллар сатып алған. Бұл қаражат 2026 жылдың соңына дейін ішкі валюта нарығында кезең-кезеңімен сатылмақ.

Орталық банктің мәліметінше, тамыз айында Ұлттық қордан 200-300 млн доллар көлемінде валюта сату жоспарланып отыр.

«Шілде айында теңестіру операциялары шеңберінде шамамен 374 млрд теңге алынды. Тамыз бойы осы мақсатта 374 млрд теңге баламасында валюта сату күтілуде», – делінген банк хабарламасында.

Квазимемлекеттік сектор компанияларының валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату көлемі шілдеде 195 млн доллар болған. Алайда бұл талап 2026 жылғы 15 шілдеден бастап күшін жойды.

Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) валюталық үлесін сақтау мақсатында Ұлттық Банк 375 млн доллар көлемінде шетел валютасын сатып алды. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 4,4%-ына тең.

«Қысқа мерзімді келешекте теңге бағамының динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуал мен геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты қалыптасады», – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ талдауда Орталық банк қаржылық теңгерімсіздікке жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанатыны атап өтілген.