Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада педагогтерді құттықтап, Мемлекет басшысы ретінде ұстаздарды жан-жақты қолдау жұмысына айрықша мән беретінін айтты.
Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады.
«Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанда «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданып, мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілгенін еске салып өтті.
«Ұстаздарды дәл осылай жалпыұлттық деңгейде ұлықтау ісі жалғасын табады. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-маңызы айрықша міндет», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ұстаздар алдында жаһанда цифрлық өркениет пен білім экономикасы салтанат құрған дәуірде өмір сүріп, өнегелі істермен айналысатын азаматтар буынын тәрбиелеп шығару міндеті тұр. Бұл ретте Президент жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу үдерісі басталып кеткенін атап өтті.
«Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты жиын соңында білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстанға сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ мұғалімге марапаттар табысталды. Атап айтқанда, төрт мұғалім «Құрмет» орденімен, он мұғалім «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бес мұғалім «Шапағат» медалімен марапатталса, он бір ұстазға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.