Талғарда мүгедектігі бар балалардың ата-аналарынан паспорт үшін заңсыз ақша алған

Алматы облысына қарасты Талғар ауданының прокуратурасы мемлекеттік баж төлеуден заң бойынша босатылған азаматтардан ақша өндіріп алу фактілерін анықтады.

gov.kz

Астана, NEGE. Прокуратура мәліметінше, паспорт ауыстыру кезінде мүгедектігі бар балалардың ата-аналарынан және осындай жеңілдікке құқығы бар өзге де азаматтардан негізсіз мемлекеттік баж төлеу талап етілген.

Қадағалаушы орган араласқаннан кейін кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Ал азаматтардан заңсыз алынған қаражат толық көлемде қайтарылады.

Қазір осындай заңбұзушылықтардың басқа да фактілерін анықтау мақсатында тексеру басталған.

Прокурорлар халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтарын қорғау мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті.