18 февраля 2026 г. 12:22

Талғарда 16 жастағы қызды зорлаған төрт жігіт сотта ақталып шықты

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қыздың туыстары қылмыстың жазасыз қалмауын талап етеді.

Астана, NEGE. Batyrjamal желілік басылымының жазуынша, 2024 жылғы қазан айында Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында төрт жігіт 16 жасар қызды алдап, көліктеріне отырғызып, жапан далаға апарып, сексуалды сипаттағы зорлық жасаған. Ол кезде жігіттердің ең үлкенінің жасы 23-те, ең кішісінің жасы 18-де болған. Оларды Қылмыстық кодекстің екі бабы – «Кәмелетке толмаған қызды зорлау» және «Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша сотқа тартқан.

Алайда 2026 жылғы 29 қаңтарда барлық айыпталушы ақталып шыққан. Ал зардап шеккен қыз психологиялық қысымнан бірнеше рет өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Туыстары сот үкіміне шағым түсірген.

Қыздың анасы мен әпкесі басылымға берген сұхбатында тергеу барысын баяндап берген.

Әпкесінің айтуынша, Аружан бұл жағдайға дейін өте белсенді, ашық қыз болған. Сурет салуды, тамақ жасауды жақсы көрген, музыкамен айналысқан. ІІМ академиясына түсуді армандап жүрген. Бірақ оның өмірі 2024 жылғы 8 қазаннан кейін күрт өзгерген. Сол күні Аружан жаттығудан қайтып келе жатқанда, қасына төрт жігіт отырған көлік келіп тоқтайды. Бір жігіт өзін армияда жүрген ағасының досымын деп таныстырған, тағы бір жігітпен Аружан сырттай таныс болып шыққан.

«Өзін ағасының досымын деп таныстырған жігіт армиядағы ағасын сұрап, кеш болып кеткенін айтып, үйге жеткізіп тастауды ұсынған. Бір ауылдың таныс жігіттері болған соң еш күдіктенбей көлікке отырған. Көлік басқа бағытқа бұрылғанда, Аружан уайымдай бастаған. Әлгілер алдымен бір жігітті, сосын қызды апарып тастайтынын айтып тыныштандырған. Бірақ олар қызды айдалаға алып кеткен. Сол жерде жабылып зорлап, отбасымен қорқытып, бәрін видеоға түсіріп алғанын айтқан. Қорқып қалған қыз ешкімге тіс жармаған», – дейді әпкесі.

Туыстары болған жайтты 17 қазан күні бір-ақ білген. Анасы қызының мінезіндегі өзгерісті байқағанымен, ҰБТ алдындағы стресс деп ойлаған. Кейін сынып жетекшісі қызының ауырсынуға қарсы дәрілерді тым көп ішіп жүргенін айтқан. Бөлмесінен дәрілер табылған кезде ғана қыз басынан өткен жағдайды айтып берген.

«Біз дереу қыз көлікке отырған жердегі дүкенге қарай жүгірдік, бейнекамера жазбаларын алмақ болдық, өкінішке қарай, бейнежазба тек 24 сағат сақталады екен. Полиция шақырып, арыз жаздық. Сот-медициналық сараптамадан өту, сұрақ-жауаптар ауыр болды, бірақ әділдік  үшін бәріне шыдадық.

Сот процесінде жүйе бізді қорғамайтынын түсіндік. Тергеу 2025 жылғы шілдеде аяқталды, ал сот қыркүйекте басталды. Процесс әдейі ұзартылды: қазан айында бірде-бір отырыс болмады, ал 2026 жылғы қаңтарда судья уақытты айдың соңына дейін созды. Осы кезеңде ел арасында сыпсың сөз тарады. Аружан психологиялық қысымға шыдай алмай, бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болды», – дейді анасы.

Туыстары қызының болашығын ойлап әрі әділ үкім шығатынына сеніп, тергеу барысын көпшілікке жарияламаған. Бірақ сотта айыпталушылардың туыстары үкімнен кейін ұлдарын үйіне алып кететінін айтқан, осы жайт күдік ұялатқан.

Әпкесі сот жұмысында бірнеше заңбұзушылық анықталғанын айтады: прокурор 16 жылға соттауды сұраса да, қыздың сөзін растайтын гинеколог, проктолог және психиатр сараптамалары, биологиялық сараптама, тергеу изоляторында айыпталушылармен бірге отырған куәгердің жауабы (айыпталушылардың бірі қылмысын мойындағанын айтқан) сияқты дәлелдер толық ескерілмеген. Ал бір айыпталушының телефонынан басқа қызға жасалған зорлық видеосы табылған. Алайда судья жәбірленуші тараптың видеоны сот залында қарау туралы өтінішін қанағаттандырмаған.

«Айтпақшы, бір айыпталушы алғашқы күні Аружанның сөздерімен сәйкес келетін мойындау жауабын берген. Бірақ кейін адвокаттар келген соң, ол жауабын жоққа шығарды, "маған мәжбүрлеп айтқызды" деді. Біздің адвокатымыз сотта бұған қарсылық білдірді: айыпталушы көрсеткен мәліметтер қысыммен емес, өз еркімен берілген және видеоға түсірілген. Қызығы, сот кезінде бізге видео жоқ екенін айтты, ал мен бірнеше күн бұрын адвокатпен бірге іс материалдарымен танысқанда, жауап алу кезіндегі бейнежазба болғанын көрдім. Яғни әрқайсысын жеке тергеген кезде бейнежазба жасалған, бірақ сотта видео жоқ екенін айтты», – дейді Аружанның анасы.

Нәтижесінде, қыздың туыстарының сөзінше, 2026 жылғы 29 қаңтарда судья барлық фактіні елемей, ақтау үкімін шығарып, айыпталушыларды бостандыққа жіберген.

«Бірақ біз шегінбейміз: Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі сотқа апелляциялық шағым түсірдік. Екінші инстанция соттары көбіне бірінші сот шешімін формальды түрде қолдайтынын білеміз, бірақ қажет болса, Жоғарғы сотқа дейін барамыз», – дейді анасы. 

Қыздың туыстары қылмыскерлер жазасын алуға тиіс деп есептейді.