18 октября 2023 г. 8:31

«Талғар аудандық СОТЫНЫҢ екі судьясы ПАРАМЕН ұсталды»

Фото:
Биыл тамызда Алматы облысы Талғар аудандық сотының екі судьясы парамен ұсталғаны белгілі болды.

NEGE редакциясына бұл туралы құқық қорғау органдарындағы тұрақты оқырмандарымыздың бірі хабарлады.

«Биылғы жылдың 7 тамызында Талғар аудандық сотының судьялары Е.БЕКБАЕВ пен Д.БАЙМАҚҰЛОВҚА қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігімен (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алу) қылмыстық іс қозғалды.

Судьялар Бекбаев пен Баймақұлов Өзбекстан азаматы Жалиловқа қатысты қозғалған әкімшілік істі оң шешіп беремін деп 30 мың теңге пара алған.  

9 тамызда Бас прокуратура санкциямен келіскен. Сол күні Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты жасырын тергеу амалдарын жүргізуге және тінтуге санкция берген.

Тергеу деректеріне қарағанда, әлдебір адам (тергеу оны құпия ұстап отыр) судья Бекбаевқа хабарласып, әкімшілік іс бойынша Жалиловты депортация жасамауды өтініп, 30 мың теңге пара ұсынған. Судья Бекбаев әріптесі судья Баймақұловқа шығады.

Алдын ала сөз байласқан судьялар Бекбаев пен Баймақұлов қаулы шығарылған соң Жалиловтан ақша алған...»

Міне, бізге жеткен дерек осындай.

Фото: ғаламтордан

NEGE тілшісі істің мән-жайын анықтамаққа Алматы облыстық сотының баспасөз қызметіне хабарласқан. Ондағылар былай деп жауап берді: «Сіздің сұрауыңыз бойынша, Талғар аудандық сотының барлық судьялары өз орындарында қызмет атқаруда. Басқа да сауалдарды Антикордың өзіне қойғаныңыз дұрыс болар».

Әрине, біз де Антикор басшысына бірнеше сұрақ қойып, ресми сауал жолдағанды дұрыс деп есептейміз және солай істедік те.

Тілшіміз Талғар аудандық сотының ресми сайтына үңіліп көрді. Сайтта судьялар Е.Бекбаев пен Д.Баймақұловтың аты-жөндері тізімде тұр екен. Тілші Бекбаевтың хатшысына хабарласты.

Хатшы «судья Бекбаевтың жұмыста екенін, іс қарап жатқанын» және «басқа сұрақтар бойынша жауап бере алмайтынын» айтты. Ал судья Д.Баймақұловтың өзімен де, хатшысымен де тілдесу мүмкін болмады.

Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге қарағанда, Ералы Бекбаев (біздің кейіпкердің аттасы болуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз – ред.) деген судья 2012-2014 жылдары Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында жұмыс істеген.

Е.Бекбаев. Фото: Азаттық

Мәселен, 2012 жылы оппозиция өкілдері Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан ЕСІМОВ пен оның орынбасары Серік СЕЙДУМАНОВТЫҢ үстінен «митингіге рұқсат бермеуі заңсыз» деп сотқа шағым түсірген. Ал судья Е.Бекбаев бұл шағымды қанағаттандырмаған.

Ал 2014 жылы ақпанда Бостандық аудандық сотының судьясы Ералы Бекбаев «Правдивая газета» басылымын жабу туралы қаулы шығарған...

Д.Баймақұлов. Фото: ғаламтордан

Даниал Баймақұлов та әр жылдары Өскемен гарнизоны әскери сотының төрағасы, Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы лауазымын атқарған.

Е.Бекбаев пен Д.Баймақұлов 2021 жылы 29 желтоқсанда ҚР Президентінің Жарлығымен Талғар аудандық сотының судьялары болып тағайындалған. Бекбаевтың еңбек өтілі он төрт жылдан, ал Баймақұловтың еңбек өтілі жиырма жылдан асыпты...

Тегтер: