Талдықорғанның экс-әкімі ұлының үстінен қылмыстық іс қозғалды
Таяуда желіде Талдықорғанның бұрынғы әкімі Дастан Шалтабаевтың ұлы делінген Тұрлыхан Тұрарбек есімді жігіттің алаяқтық жасағанын мойындап тұрғаны түсірілген видео тарады.
Астана, NEGE. Журналист Михаил Козачковтың Telegram-дағы арнасында жарияланған видеода жас жігіттің кадр сыртындағы адамның сұрақтарына жауап беріп, алаяқтық дерегін растап тұрғаны таспаланған.
«Алаяқтық фактісін растайсың ба?» деген сұраққа ол екі iPhone Pro, екі Pro Max алып беремін деп ақша алғанын айтады. Екінші факт ретінде салық бойынша көмектесемін деп біреуден қолма-қол бес миллион теңге алғанын мойындаған.
Nege.kz редакциясы мән-жайды анықтау үшін Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады. Ведомство өкілдері Тұрлыхан Тұрарбекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Алматы қаласы Алмалы аудандық полициясы басқармасы қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде», – делінген ІІМ баспасөз қызметінің жауабында.
Айта кетейік, Тұрлыхан Тұрарбек бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына іліккен – 2019 жылы оған тиесілі көліктен тапанша, ақша, рация мен көлік нөмірлері табылған. Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеп-тексеру нәтижесінде ол кезде Тұрлыхан Тұрарбектің ҚазҰУ-дағы сабағында болғаны, көлікті курстасы тізгіндегені мәлім болды.