Талдықорғанда дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің заманауи оқу ғимараты пайдалануға берілді
Жетісу облыс құрылғаннан бері білім беру нысандарының 41,8 %-ы жаңғыртылды. Биыл 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 2 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті.
Астана, NEGE. Солардың бірі – дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 300 орынды заманауи жаңа оқу ғимараты Республика күні қарсаңында пайдалануға берілді. Талдықорған қаласында орналасқан бұл білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Өңір басшысы көпшілікті айтулы жаңалықпен құттықтады:
«Соңғы үш жылда жетісулық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік конкурстарда 73 медаль иеленді. Аталған марапаттардың 27-сі, яғни 40%-ы тікелей осы лицей шәкірттеріне тиеcілі. Бұл айтулы көрсеткіш – лицейде қалыптасқан сапалы білім беру дәстүрі мен ұстаздардың кәсіби еңбегінің айқын көрінісі. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан біз жастардың терең білім алуына, жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауды жалғастыра береміз», – деді Б.Исабаев.
Мектептің салтанатты лентасы қиылып, жиналған көпшілік ғимараттың ішкі мүмкіндіктерімен танысты. Облыс басшысы география, тарих, қазақ тілі, робототехника кабинеттерін аралап көрді. Сол сияқты фойеде қойылған лицей оқушылары жетістіктерінің көрмесімен танысты. Осы жерде халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарымен тілдесті.
«Мемлекет басшысы парасатты, оқитын, ізденімпаз, технологияны, жасанды интеллектті меңгерген, зерделі ұрпақ қалыптастыруға барлық жағдай жасау туралы тапсырма қойып отыр. Соған сай ел көлемінде, соның ішінде өңірімізде де үлкен жобалар іске асырылып жатыр. Сіздер де осы үрдістен қалмай, республикадағы ең беделді, өзінің тарихы бар мектеп лицейінде жақсы оқып, үлкен жетістіктерге жете беріңіздер, үлкен азамат болып өсіңіздер», – деді облыс басшысы.
Осы күні лицей оқушыларына «Кітап оқитын ұлт» жобасына енгізілген кітаптар тізіміндегі 60 жинақ сыйға тартылды.
Мектеп директоры Айбек Аширметовтің айтуынша, «Талдықорған дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған мектеп-лицейі 1993 жылы құрылған.
«Осы уақыттан бері білім мекемесін 1,5 мыңға жуық түлек бітіріп шықты. Өткен жылы мектепті аяқтаған 48 оқушының бәрі де жоғары оқу орындарына түсті. Мұнда оқыту қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жүреді. Бүгін ашылып отырған жаңа ғимаратта 37 кабинет бар, соның ішінде лингвистикалық кабинет және зертханалар жабдықталған. Бұл оқушылардың жетістіктерін еселей түсуге үлкен ықпал етеді», – дейді Аширметов.
Мектепте 100-ден астам адам жұмыс істесе, соның 37-сі – педагог. Солардың бірі жас маман Мирас Медетұлы елеулі қуанышқа орай пікір білдірді:
«Мен осы білім мекемесіне биылғы оқу жылында жас маман болып келіп отырмын. Биология пәнінен сабақ беремін. Бұл мектепте жараталыстану пәндері ағылшын тілінде өтеді, сондықтан биология пәні де ағылшын тілінде жүреді. Өзім Өскемен қаласындағы "Білім-инновация" мектеп-лицейін бітірдім, кейін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде оқыдым. Алғашқы еңбек жолымды осы лицейден бастап жатқаныма қуаныштымын», – деді ол.
Жаңа оқу ғимаратының ашылғанына ата-аналар да риза.
«Бүгін біз үшін ерекше күн. "Білім-инновация" мектебінің жаңа ғимараты ашылды. Менің ұлым Жайдар Ескендір бастауышта қаладағы Абай атындағы №1 мектепте, 5-6-сыныптарды № 20 лицейде оқыды, сол алған сапалы білімінің арқасында 7-сыныпта осы мектепке қабылданды. Қазір 11-сыныпта, бұл – өте жауапты кезең. Осы жылы жаңа оқу корпусының қолданысқа берілгеніне қуаныштымын. Ішін аралап көрдік: әдемі, жайлы, кең, үлкен ғимарат. Жаңа корпустың құрылысына атсалысқан барша азаматтарға ата-аналар атынан алғыс айтамыз», – деді Шынар Ахмадиева.
Атап өтсек, мектеп-лицейде 266 оқушы оқиды. Соның бірі – Әділет Бекмолда.
«Мен 7-сыныптан бері осы мектепте оқимын. Алдыңғы жылы лицей президенті болдым. Лицей өміріне белсене қатысамын. Республикалық олимпиадалар мен ғылым жобалар байқауының үш мәрте жүлдегерімін. Бүгін лицей тарихының жаңа белесі басталды деп білеміз. Отыз жылдан астам уақытта қалыптасқан білім мен тәрбие құндылықтары жаңа ғимаратта жалғасын табады. Менің ойымша, бізден кейінгі өсіп келе жатқан інілерімізге бұл ғимарат керемет мүмкіндіктер береді. Болашақта осы жерден алған білімімді елдің игілігіне арнаймын деп ойлаймын», – дейді Әділет Бекмолда.
Еске салсақ, бұл «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернаты оқу ғимаратының құрылысы 2025 жылы мамырда басталған болатын.