Такси жүргізушілерінің жұмысына жаңа талаптар енгізілді
Енді такси қызметін шақыратын қосымша арқылы жұмыс істегісі келетіндер әкімдікке «таксист» екенін хабарлауы тиіс. Сондай-ақ жолаушы таситын жүргізушіге рөлде 9 сағаттан артық отыруға тыйым салынады, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. «Автомобиль көлігі туралы» заңға сәйкес, таксимен тасымалдауды жүзеге асыру үшін тиісті жергілікті атқарушы органға eGov порталы арқылы хабарлама жіберіледі. Жергілікті атқарушы органда таксимен тасымалдаушылардың арнайы тізімі қалыптастырылады. Кез келген тасымалдаушы осы тізімде болуы тиіс және заңмен бекітілген талаптарды орындауға міндетті», – дейді ҚР Көлік министрлігінің республикаішілік автомобиль тасымалдары басқармасының басшысы «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Жәдігер Тілеген енді жеке тұлғалар да таксист болып қызмет ете алатынын айтты.
«Биыл қаңтардан бастап Әлеуметтік кодекс шеңберінде «Автомобиль көлігі туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. Бұған сәйкес, таксимен тасымалдауды енді жеке тұлғалар да жүзеге асыра алады. Бұған дейін тек жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға ғана рұқсат берілетін. Қазір жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың заңнаманы сақтауына жұмыс беруші жауап береді. Ал жеке тұлғалардың заң талаптарын орындауын такси қызметін ұсынатын мобильді қосымшалар қадағалауы тиіс. Демек, заңнаманың сақталуына аталған мобильді қосымшалар жауапты», – дейді министрлік маманы.
Студия қонағы такси шақыруға арналған мобильді қосымшалардың жауапкершілігіне тоқталды.
«Егер такси шақыруға арналған мобильді қосымшалардың қызметі заңсыз болса, олардың жұмысын шектеу немесе бақылауға алу мәселесі туындайды. Бұл ретте кейбір мәселелер Көлік министрлігінің құзыретіне, ал кейбірі Ішкі істер министрлігінің құзыретіне кіреді. Министрлік пен ІІМ бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр. Қандай да бір заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, ірі такси қосымшаларына олқылықтар туралы хабарланады және олардың қызметінің заңға сәйкес болуын талап етіледі. Такси тасымалдаушылар тарапынан да, мобильді қосымшалар тарапынан да заң бұзушылықтар болса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шара қолданылады. Одан бөлек, Көлік министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп жыл сайын рейдтік шаралар жүргізеді. Аталған іс-шаралар барысында заңбұзушылыққа жол берген такси жүргізушілері анықталса, оларға айыппұл салынады», – деді ол.
Айта кетейік, 2024 жылы Астананың өзінде көлік полицейлері 500-ден астам заңсыз такси жүргізушілерін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Ведомствоның статистикасына сүйенсек, биыл жүргізушіні медициналық тексеріссіз, көлікті техбақылаусыз жібергені үшін жалпы 15,5 миллион теңге, ал еңбек режимін бұзғаны үшін 78 миллион теңгеден астам айыппұл салыныпты.