Таиландтан сәлемдеме алып жүрген алматылық жігіт 16 жылға сотталды

Алматыда Таиландтан есірткі контрабандасы арнасын ұйымдастырған жігітке үкім шықты.

magnific.com

Астана, NEGE. Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, сот алқабилердің қатысуымен өткен.

Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы елге заңсыз гашиш майын тасымалдауды ұйымдастырған. Есірткі заттары сәлемдемелердің ішіне жасырылып, туыстары мен таныстарының атына рәсімделіп отырған. Жақындары бұл туралы ештеңе білмеген.

«Құқық қорғау органдары контрабанданың бірнеше әрекетінің жолын кесіп, 5,7 килограмнан астам каннабис сығындысын тәркіледі», – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек сотталушыдан өткізуге арналған есірткі заттары мен заңсыз сақталған оқ-дәрі табылған.

Сот айыпталушыға 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.